Шымкентте жабайы сауда жойылар емес

358

Шымкентте жабайы саудамен күрес жалғасып жатыр. Кезекті рейд Қайтпас – 1 шағынауданындағы Қуаныш Төлметов көшесінде жүргізілді. Заңсыз сауда нүктелерін бақылауға бұл жолы тәртіп сақшыларымен қатар Қаратау әкімдігінің өкілдері және қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары жұмылдырылды.

Қуаныш Төлеметов көшесін заңсыз сауда орнына айналдырғандар жазаланады. Осындай мақсатпен арнайы рейд ұйымдастырған жауаптылар заңды белшеден басқандардың құйтырғы әрекеттеріне куә болды. Көше бойын жағалай отырып жабайы сауданың көркін қыздырғандар құм, үгілген тастар сынды құрылыс заттарын тонналап сатуды әдетке айналдырған.

Олжас Тұрсынов, қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілі: «Негізі, бұл жерлер тұрғындарға үй салу үшін берілген. Қазіргі уақытта олар жерді қолдану мақсатын өзгертіпті. Сондықтан біз жер инпекциясына хат жолдап қойдық, осылайша заңсыз кәсіпке тосқауыл қоймақпыз.»

Рейдік шара барысында әрбір заңсыз сауда нүктесінің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Олардың әрқайсысы мемлекетке 10 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуі тиіс.

Марат Әмірбеков, Қаратау аудандық ПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы: «Біз тек хаттама толтырумен шектелеміз, қалған шаруа құзырлы органға жүктеледі. Жер иесіне тәртіптік шара қолданылады, тіпті, жерді еншілеу құқығынан айыруы мүмкін. Сот осылай шешеді деген үміттеміз».

Бүгінгі айыппұл-жазадан ауыр жүк көліктері тиелген жүргізушілер де шет қалмады. Олар да көліктеріне құрылыс заттарын артып, оны заңсыз саудалағаны үшін айыпқа тартылды. Полицейлерді көрген жүргізушілер осы арада бой тасаламақ та болды.

Мақсат Жолдасбеков, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Бұл іс-шара 3 күннен бері өтіп жатыр. Тексеріліп жатыр. Бір ғана Төлеметов көшесінде жалпы саны 35 әкімшілік хаттама толтырылды. Барлық заңсыз саудагерлерге 5 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып жатыр».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ABhuQMg5xlc[/youtube]

Енді қадағалаушы тарап Төлеметов көшесіндегі жабайы сауданы жою үшін жаңа жол белгілерін орнатпақ. Яғни, көлік қоймақ түгілі аялдауға тыйым салынады деген сөз. Ал заңсыз саудамен айналысқан «кәсіпкерлердің» қадамы сот қарауына ұсынылады.