Көшеті көбейген Оңтүстік өңірі алдағы 3 жылда елімізді және алыс-жақын шетелді алмамен қамтамасыз ететін болады. Қазығұрт ауданында 20 гектар жерге голландиялық алма көшеттерінің 5 сұрпы отырғызылған. Қазір онда 30 мыңнан астам көшет жайқалып тұр.
Алтын төбе ауылының тұрғыны Нұрболат алма бауында операторлық жұмыс атқарады. 4 айға жуық еңбектеніп жүрген жас бағбан бау шаруашылығына қатты қызығушылық білдіріп отыр. Педагогикалық мамандықты меңгерген ол мұғалімдіктен гөрі бақшаны баптауды қош көреді. Себебі, еткен еңбегі бағаланып, қомақты жалақысын алып жүр. Ең бастысы, бағбандық шаруа ауылдан алыс емес деп отыр.
Нұрболат Өрісбаев: «Осы бақша өнім бергенше жұмыс істеймін. Қазір күндіз 4 бала, түнде 3 бала болып жұмыс істеп жатырмыз. Көңілім толады.»
Қазығұрт ауданында 20 га жерге голландиялық алма көшеттерінің 5 сұрпы отырғызылған. Бау-бақша жұмысында ауданның 50-ге тарта тұрғыны еңбек етіп жатыр. Жоспар бойынша күзгі науқанда тағы да 30 га жерге алма көшеттері отырғызылып, еңбегін еселемекші. 2018 жылы 1 га бақшадан 3,5 тонна жеміс алу көзделген. Аптап ыстықтан аман шыққан алма түптерін қазір тамшылатып суару жүйесіне көшіріпті. Бақша басында бейнеттің зейнетін көрігісі келетіндер саны әлі де артады дейді басқарушылар.
Нұржан Қасымбеков, алма бауының басқарушысы: «Әр көшеттің арақашықтығы — 80 см. Биіктігі 3,5 метрге дейін көтеріледі. Әр түп алма ағашынан 1 жылдың өзінде 40-45 алма алынады.»
Енді жуық арада Алтын төбе ауылының маңайы үлкен алма баққа айналуы әбден мүмкін. Себебі, 500 га жерге арналған бау-бақшаның жоспары түзіліп, зерттелу үстінде. Шетелдік мамандар тау бөктерінде теңіз деңгейінен биік орналасқан құнарлы жерде өнімнің саны да, сапасы да артатынына сенімді.
Ғалым Кенжебек