«Қыран» жеңіске жетті

478

Шымкенттің «Қыран» футбол командасы жеңіске жетті. Жеңіс болғанда жерлестеріміз футболдан Қазақстан чемпионатының ХІV турнирі аясында ойында кесте көшін бастап келе жатқан Петропавлдің «Қызылжар -СҚ» командасынан басым түсті.

006

Бас бапкер Амерби Динаевтің шәкірттері маңызды деген үш ұпайға қол жеткзіп, жанкүйерлерін бір қуантып тастады. Жасыл алаңға жігерленіп шыққан екі команданың ойыншылары да ә дегеннен-ақ шабуылға лап қойды.

Бірінші таймда шымкенттік футболшы С.Козюлин ереже бұзып, төрешілер 11 метрлік айып добын белгіледі. «Қызылжар –СҚ» легионері Элхаджи мұндай мүмкіндікті қалт жібермеді. Есеп 0:1. Мұнан соң «Қыран» футболшылары қарсыластар қақпасына толассыз шабуылдаумен болды.

Ойыннның 31-минутында жуырда ғана шымкенттік команданың құрамына қосылған қорғаушы Роман Дуплякин есепті теңестірді – 1:1. Жергілікті жанкүйерлерге жеңіс сыйлаймыз деп алаңға желпініп шыққан шымкенттіктер матч барысында бірнеше мәрте ұтымды шабуыл ұйымдастырып, бірінші таймның 38-минутында Мұрат Онал пенальтиден гол соқты. Есеп 2:1.

Матчтың екінші таймында да алаң иелері шабуылдаумен болды. Ойынның 59-минутында еліміздің премьер-лига командаларында тәжірибесін арттырған Мадияр Муминов жерлестеріне жеңіс голын сыйлады. Есеп 3:1.

Бас бапкер Владимир Фомичевтің шәкірттері екінші таймда барынша есепті қысқартуға тырысты. «Қызылжардың» намысын қорғап жүрген Лимане Мусса 78-минутта қақпашы Талғат Каленов қорғаған қақпаның торын тулатты. Таблодағы есеп 3:2-ге өзгерді.

Дегенмен, мачтың соңына дейін қаншама шабуыл жасаған қонақтар таблодағы есепті өзгерте алмады. Бас бапкер Амерби Динаевтің қойған тактикасын ұтымды орындаған шымкенттіктер тамаша ойын көрсетті. «Қыранның» команда капитаны Жандос Әметов пен қорғанысы мықты әрі алаңда 90 минут бойы үзіліссіз жүгіретін қорғаушы Асхат Мыңбаев командаластарының жеңіске жетуіне мол үлес қосты.

007

Ал сұрмергендердің қатарына қосылған Максим Фильчаковтің қабілетіне жанкүйерлер дән риза. Енді қоржынында 21 ұпайы бар шымкенттік футболшылар турнир кестесінің 7-орнына жайғасты. Жерлестеріміз кезекті тур ойындарында 8 тамыз күні Семейдің «Спартагымен» күш сынасады.

«Қыран» футбол командасының баспасөз орталығы