Арыс, Төле би аудандарында жұмыспен қамту ісі ақсап тұр

377

Арыс, Төле би аудандарында соңғы айда жұмыспен қамту бағдарламасы өз деңгейінде орындалмай келеді. Алты айдың көрсеткіші бойынша үздік нәтиже көрсеткен қос өңір халықты жұмыспен қамту шараларын әлсіретіп алған. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 7 айда атқарған жұмысы талқыланған кеңесте айтылды.

Жұмыспен қамту бағдарламасы облыста өз деңгейінде өз межесінде орындалып жатқанымен, қайсыбір аудандардағы көрсеткіш төмен тартып отыр. Арыс, Төле би аудандарында, тіпті, халықты жұмыспен қамту жұмыстары туралы ақпараттар жаңартылудан қалған.

Кентаулықтар осынау бағдарламада қаралған шағын несиелеу жұмысын осы күнге дейін жүйелей алмай отыр. Ал Сайрам ауданы, Арыс, Кентау қалаларында жастар практикасын аяқтағандардың бір де бірі екі қолға бір күрек таппай отыр. Салаға жауаптыларға шара көру қажет. Себебі, ескерту ескерлімей келеді дейді Сәтжан Полатов.

Халықты жұмыспен қамту мәселесі бүгінде билік назарында. Бұл ретте салаға жауаптыларға атан түйеге жүк боларлық жауапкершілік артылып отыр. Бұдан былай аудан-қалалардағы халықтың еңбекпен қамтылу мәселесі ай сайын талқыланып, орын алған олқылықтар ретке келтіріліп отыратын болды.

Айта кетейік, облыста осы жылдың жарты жылдығында 6 кәсіпорында 400-ге жуық қызметкер қысқартуға ілінген. Сондай-ақ, салаға жауаптылар облыста 12 кәсіпорында еңбек жағдайының тұрақсыз екенін айтады.

Ал 9 кәсіпорында 240 адам жұмыс орнымен қоштасуы мүмкін. Комиссия мүшелері бұл мәселені қырқартуға қатысты мәліметті дер кезінде анықтап отыру арқылы шешуге болады дейді.