Парламент мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Ордабасы ауданына іс-сапарын Шұбарсудағы 600 орындық «Ынтымақ» мектебінің құрылысымен танысудан бастады. Жобаның жалпы конкурстық құны — 778 млн 722 520 теңге. Жеңімпаз мердігер — «Тұр-Ахмет и компания» ЖШС. Мектеп 15 тамызда қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Іс-сапаршылар Қараспан ауылдық округіндегі «Ecology green food» жылыжайына да ат басын бұрды. Жерасты жылыжайы 154 гектар жерге салынбақ. 30 гектарда ерте пісетін көкөніс тамшылатып суарылуда.
Бүгінде 4 гектар жылыжайдың құрылысы аяқталып, екі жыл көлемінде 62 гектар қосылады деп күтілуде. Мұндағы 40 жұмысшының орташа айлығы — 70 мың теңге. Тың әдіске негізделген жылыжай жылыту жүйесін қажет етпейді, себебі олар жылуды топырақтан алады.
— Жылыжай шаруашылығын бастағанымызға бір жыл. Жайылым жерді игеру алғашқыда қиын болғанымен, бүгінде ол күндер келмеске кетті. Алдағы үш жылда жоспарымыз түгел іске асып, тағы 100 адамды жұмыспен қамтимыз. Гектар түсімін 120 тоннаға жеткізуге ниеттіміз. Алғашқысын алып, сауда орындарына жібергенімізге бір айдан асты. Әзірге облысқа, республиканың кейбір аймақтарына жеткізілуде. Сонымен қатар шабдалы, жаңғақ, алма көшетін ектік. Бір жағынан бау-бақшаны жайқалтсақ, екінші жағынан тоқтаусыз соғатын желге тосқауыл болады. Аудандық әкімдікке ойымыздағыдай жер бөліп, құжаттарымызды рәсімдеуге қол ұшын созып, субсидия, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарымен таныстырғаны үшін ризамыз, — дейді жеке кәсіпкер Ермұрат Ғабитұлы.