Елімізде енді Сүгірдің күйлері етене зерттеледі

471

Ел аумағында енді халық аспаптары етене дәріптеліп, күй қоржынның қатары артады. Бұл үшін күнгейде арнайы құжаттама рәсімделіп, игі жоспар жүзеге асып жатыр. Алғашқы қадам – Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен өңіріміздегі Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптарының ұжымы өзара меморандум түзіп, қол қойды.

Қос тарап – Сүгір атындағы қазақ ұлт -аспаптар оркестрі мен Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі енді жұмыла жұмыс жасайды. Мәдени бастаманың алғашқы қадамын құп көрген күнгейдегі мәдениет басқармасының басшылығы алдағы амал-жұмыстарға артқан жүгі көп екенін айтты. Бастысы, жоспар түзіліп, ресми меморандумға қол қойылды.

 

Нұрболат Ахметжан, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Біздің Сүгір атындағы оркестрде сазды аспаптардың барлығы бар. Ұжымда 40-тан астам маман жұмыс жасағанымен, кәсіби шеберлігі жоғары адамдар аз. Бірі – саз колледжін тәмамдаған, орта білімді мамандар. Ал Құрманғазы атындағы оркестрде тек жоғары білімді жандар қызмет етеді, сондықтан бастама біз үшін ауадай қажет! Және бір айта кетерлігі – алматытылық айтулы ұжым тәуелсіздік жылдары, яғни осы 26 жылдан бері Оңтүстік өңіріне табан тіремеген екен, сондықтан бұл жоба тарихи оқиға болып отыр».

83 жылдық тарихы бар, күй-қоржынының өзі 4000-нан асып жығылатын ұжым – Құрманғазы атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі. Бүгінде аты аңызға айналған айтулы оркестрдің негізін кезінде халық әртісі Ахмет Жұбановтың өзі қалаған. Ал қазіргі жетекшісі Нұрғиса Дәуешов осы құжаттама мен іс-сапардың мақсатын жасырған жоқ.

Нұрғиса Дәуешов, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры: «Сүгір бабамыздың күйін алып қарасақ, оның біреуінің өзі – бір қойылым, бір оқиға, бір драматургия! Ал біздің кемшіліктеріміз – еліміздегі сол бір күйдің тарихын, өткеніне үңіле бермейміз. Соның мағынасын ашпаймыз. Сондықтан, осы мақсатта бізде екі жақты тәжірибе алмасып, сол олқылықтың орнын жою керек! Енді Сүгір бабамыз шыққан топырақта туған азаматтар аталған күйлерді бізден гөрі жақсы түсінеді деп ойлаймыз».

Алматыдағы «қара шаңырақтың» күйшілерімен тәжірибе аламасатын ұжым – Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі. Ш.Қалдаяқов атындағы филармония жанынан құрылғанына биыл 15 жыл толды. Ұжымның жасағында 50 маман жұмыс жасайды. Әзірге тыңдарман қауымға қоржынындағы 250 туындысын ұсынып жүр.

Айта өтейік, ресми меморандум аясында енді қос тарап араға ай салып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында іс-сапарды жоспарлап қойды. Алдымен алматылық ұжым бізге келіп, Түркістан қаласынан бастап, концерттік бағдарламасын ұсынады. Шеберлік сабақтары мен халық аспаптарын үйрену сағаттары да енгізіліп отыр.