Облыс әкімі қаланы аралады

598

Облыс әкімі А.Мырзахметов жауапты сала мамандарымен бірге Шымкент қаласындағы бірқатар нысандарда болды. Билік өкілдері алдымен Қапал батыр көшесіндегі көпірді қайта құру жұмысымен танысты.

004

Бүгінде бұл нысандағы жұмысты «Береке А» серіктестігі бекітілген кестеге сай жүргізуде. Көпір басына арнайы барған өңір басшысы мұндағы құрылыс жұмыстарының мүмкіндігінше жергілікті тұрғындар мен жолаушыларға кедергі келтірмеуін тапсырды.

Осы шағынаудандағы ауызсу, жол сынды өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін қалалық әкімдікке Шымкенттің арнайы паспортын түзіп, оған осы сынды өткір проблемаларды енгізу қажеттілігі айтылды. Құны 1 млрд 159 млн теңгені құрайтын көпір құрылысын келер жылдың шілде айында аяқтау жоспарлануда.

003

Бір жыл бұрын айналасы абаттандырылып, ел игілігіне берілген Қошқар ата өзенінің жағалауы бүгінде шымкенттіктер мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орны. Осында арнайы келген өңір басшысы аймақтағы тазалық, көгалдандыру жұмыстарына жауапты мекеменің тірлігін сынға алып, жұмысты жүйелеуді жүктеді.

Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті реттеу үшін бейнебақылау құрылғыларының санын арттырып, полиция бекетін ашуды тапсырды. Тынығушыларға лайықты жағдай жасау мақсатында аймақтан медициналық пункт жасақтауды әрі спирттік ішімдіктен өзге сусындарды сатуға арналған сауда нүктелерін құрып, оны жалға беру жайын қолға алуды міндеттеді.

005

Ю.Гагарин атындағы көшеде орналасқан №112 үйде болған А.Мырзахметов апатты үйдің қала орталығында орналасқанын ескеріп, мәселені шешуге ниетті инвесторлар іздестіруді қала басшылығына міндеттеді. Әрі екінші бағытта мемлекет тарапынан қажетті есеп-қисап дайындауды жауаптыларға тапсырды.

Бадам өзені жағалауын абаттандыру жұмыстарымен танысқан өңір басшысы қолданысқа берілген нысанның бүгінгі жағдайы мен орын алып отырған кемшіліктерге байланысты аймақты күтіп-ұстау және қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары бойынша нақтылы іс-шараларды айқындады. Облыс орталығындағы Әл Фараби ескерткішін лайықты жерге орналастыру жөнінде эскиздік жоба жасауды жауаптыларға жүктеп, мерзімін белгілеп берді.

Сапар барысында Шымкенттегі бірқатар көшелерде жүріп жатқан қайта құру жұмыстарын көріп, орын алған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға тапсырма берілді. Облыс басшысы әкімдік тарапынан бақылау-талдау шараларын барынша күшейтуді тапсырды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ONwSUuziu2M[/youtube]

Бұдан кейін А.Мырзахметов дендрологиялық саябаққа аялдап, демалыс орнының бүгінгі жағдайы мен осындағы су айдынына жіберілген шабақтарды күтіп-баптау жайын көтерді. Шаһардың тынымсыз тірлігінен бір сәт қол үзіп, дендросаябаққа қарай ағылатын тынығушыларға сапалы қызмет көрсетуді жауапты мамандарға жүктеді. Жоспар қайта қаралып, жаңа міндеттер белгіленді.

Облыс орталығындағы зообақты қайта құру жұмыстарының жоба-жоспарымен танысқан А.Мырзахметов зообақ тек жануарлар әлемін танып, тамашалайтын орын емес, жас жеткіншектерді қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды үйрететін тәрбие құралына айналдыру қажетіне ерекше тоқталды.

Сапар соңында қала аумағындағы жоспарланған жұмыстардың сапасын бақылау жауаптыларға жүктеліп, салалық басқарма жетекшілері мен қала әкімдігіне алда атқаратын бірқатар нақтылы шараларды айқындап берді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі