Оқушысы жанарынан айырылған мектептің әкімшілігі жазаланды

597

Сыныпты тазалаймын деп, көзінен айрылған оқушының мұғалімдері жұмыстан қуылды. Сарыағаш ауданындағы Мақташы ауылында болған оқыс оқиғаны жасырды, деген негізбен білім бөлімінің басшысы ескерту алды.

vlcsnap-2015-09-28-17h58m59s233

Екінші сынып оқушысын қараусыз қалдырған мұғалім жұмыссыз қалды. Сондай-ақ, сыныпты тазалап, көзінен айрылған оқушы оқыған мектептің директоры да қызметінен кетіпті. Ал бұл оқиғаны жасырған аудандық білім бөлімінің басшысы да жазасыз қалмады

Ғалия Жүсіпова, ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының өзін-өзі тану және балалардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы: «Аудандық білім бөлімінің басшысы Рысбаев Ерлан Жақсыбайұлының қызметке сәйкес еместігі туралы тәртіптік жаза қолданылды. Және Қошқар ата ауылдық округіне қарасты Мақташы ауылындағы №81 мектептің директоры Исахова Жазира аудандық білім беру бөлімінің басшысының бұйырығымен жұмыстан босатылды. Осы мектептің директорының міндетін уақытша атқарушының бұйырығына сәйкес  мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Есенбекова және 2 «Ә» сыныбының жетекшісі Серікбаева жұмыстан босатылды».

Еске салайық, оқыс оқиға Сарыағаш ауданына қарасты, Мақташы ауылындағы №81 орта мектепте болған. Сыныпты тазаламақ болған 8 жасар қыздың үстіне шкаф құлап, оның сынған шынысы оқушының бетіне ауыр жарақат салған. Салдарынан ол бір көзінен айрылды. Дәрігерлер зақымданған жанарды қалпына келтіру мүмкін еместігін айтқан.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=MgxxLMNC7vQ[/youtube]

Наталья Гончарик, офтальмолог-дәрігер: «Қазіргі таңда науқас қабынуға қарсы ем алып жатыр. Ұзақ уақыт ем-дом алады. Көздің жанары қатты зақым алған. Сондықтан да көздің көруін қалпына келтіру мүмкін емес».

Білім басқармасы бұл оқиғаны бей-жай қалдырмады. Ал құзырлы орган қандай шешім қабылдайтынын тергеу жұмыстарының нәтижесі көрсетеді. Сегіз жастағы бүлдіршіннің бүгінгі жағдайы қалыпты. Оған тағы да ота жасалуы мүмкін.