Шымкентте шұлық фабрикасы ашылады

630
Индустриалды аймақ. Кәсіпорын

Жылдың соңына дейін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тағы бір тоқыма кәсіпорны іске қосылмақ. Құны 1,8 млрд теңгені құрайтын жобаны «Әлем БТ» серіктестігі қолға алған. Жоба оңтүстіккореялық инвесторлармен бірге жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Индустриалды аймақ. Кәсіпорын
Индустриалды аймақ. Кәсіпорын

Жылына 15 млн дана бұйым шығаратын шұлық фабрикасында 450 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Отандық өнім сапасы жағынан қытайлық шұлықтардан кем түспейді дейді тауар өндірушілер.

Тоқыма өнеркәсібін дамыту бағытында тың жобалар жүзеге асырылуда. Өңірде мақта кластерін құру мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Хлопкопромцеллюлоза», «Окситекстайл» кәсіпорындары ашылған. Былтыр іске қосылған кәсіпорындардың қатарында кілем шығаратын Назартекстиль, «Балтекстиль» тоқыма фабрикалары бар.

Таяуда аймақтағы 8 гектар тағы бір өндіріс орны ашылмақ. Шұлық фабрикасы ғимаратында құрылыс жұмыстары қарқын алған. Нысанда негізгі жұмыстар аяқталып, қазір жұмысшылар жабдықтар орналасатын орындарды бетон қоспасын құюға дайындауда.

Санжар Тілегенов, «Әлем БТ» ЖШС директоры: «Бұл жобаны біз оңтүстіккореялық компаниямен бірге жүзеге асырудамыз. Олар — шұлық шығаруда тәжірибе жинақтаған ірі кәсіпорын. Біз тоқыма өндірісіне аса қажет бояу цехы өндірісін сатып алдық. Мұндай кәсіпорын республикада жоқ. Сонымен қатар синтетикалық жіп шығаратын өндіріс цехына да тапсырыс жасап қойдық. Шикізатты арнайы экономикалық аймақта орналасқан тоқыма кәсіпорындарынан тапсырыспен алатын боламыз. Бұл шаралар өнімнің өзіндік құнының төмен болуына ықпалын тигізеді.»

Өндірістің қуаты жылына 15 млн дана тоқыма бұйымдарын шығаруға жетеді. Инвестицияның көлемі — 1,8 млрд теңге. Жобаны «Даму» қоры қаржыландырған. Оңтүстік Кореядан жеткізілген жабдықтарды шетел мамандары құрастырады. Фабрика биыл қазан айында іске қосылса, 450 адам жұмыспен қамтылмақ.

Санжар Тілегенов, «Әлем БТ» ЖШС директоры: «Нарықтың заңдылығы — сапалы өнім ғана бәсекеге төтеп бере алады. Біздің шұлық өнімдері қытайлық шұлықтардан сапасы жағынан жоғары болатынына сеніміміз мол. Өйткені біз әлемге танымал оңтүстіккореялық компаниямен бірге жобаны жүзеге асырудамыз. Отандық тауарлардың қатарын толықтырып, еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз.»

Жоспар сәтті жүзеге асса, шұлық фабрикасының өнімдері тек қазақстандықтарды қамтып қоймай, шетелге де экспортталмақ.

Шынар Оразова