Шымкенттегі мектептерде әзірге оқулық жетіспейді

516
Базар. Кітап сөресі. Оқулық
Базар. Кітап сөресі. Оқулық

Оқу жылы басталғанымен Оңтүстіктегі ахуал оңбай тұр. Өйткені әлі күнге оқушылардың қолында оқулық жоқ. Сондықтан бірқатар мектептерде сабақ өту өз деңгейінде емес. Перзенті кітаптан қағылған ата-аналар осылай деп шағымданып жатыр.

Наргиля Уршанова
Наргиля Уршанова

 

Наргиля Уршанова – қаламыздағы №127 мектептің шәкірті. 7-сынып оқушысы бізге сөмкесінде бірде-бір кітап жоқ екенін көрсетті. Шағымданған шәкірттің сөзіне сенсек, ұстаздары әлі күнге кітап таратпаған. Осылайша білім күнін қуана қарсы алған жасөспірімнің оқуға деген құштарлығы су сепкендей басылды.

Наргиля Уршанова, №127 мектептің оқушысы: «Кітап берген жоқ, барлығымызға жетпей жатыр. Маған да бірде-бір кітап берген жоқ. Енді сатып аламыз. Мұны естіген ата-анам ашуға булығып отыр».

Қаламыздағы өзге білім ұяларында да кітап тапшылығы байқалады. Мұны оқушылар жасырмай жайып салды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=fWiQ4NIHxgM[/youtube]

Нұрлыбек Бектұрсынов, оқушы: «Маған екі кітап жетпеді – қазақ әдебиеті мен ағылшын тілі оқулықтары. Енді амал жоқ, сатып аламын, әрқайсысы кемінде 1500 теңгеден.»

Гүлсезім Қуаныш, оқушы: «Мен 2-сыныпта оқимын. Маған математика, дүниетану кітаптары жетпей қалды. Ал ініме Әліппе берілген жоқ.»

Есесіне базардағы сауда сөрелерінде кітаптың саудасы қыза түскен. Ұзын-сонар кезекке тұрған ата-аналардың оқулықтарға жапатармағай жармасқанын көріп, кітап тапшылығының дүкендерге де келіп жеткенін байқауға болады.

Эльмира Байдуллаева, ата-ана: «Қалтамызға әжептеуір ауырлық салады. Мәселен, менің 4 балам бар. Қазір базардан ағылшын тілі кітаптарын сатып алып жатырмын, 2-сыныпта оқитын балама да талай кітап алуым керек. Әйтеуір жыл сайын алатынымыз осы кітаптар.»

Жәмила Батыршаева 15 жылдан бері базарда кітап сатады. Сөзіне сенсек, күніне мыңдаған оқулықты мұнда жеткізгенімен, тұтынушылар таласа кетеді екен.

Базар. Кітап сөресі. Оқулық
Базардағы кітап сөресі

Жәмила Батыршаева, кәсіпкер: «5, 6, 7, 8, 11-сыныпқа дейін барлық кітаптарды келіп, таласып сатып алып жатыр. Мектеп бермеген, жоқ кітаптарының барлығын сұрап жатыр. Көбіне математика, әліппені сұрап жатыр. Ағылшын тілі деген сияқты. Біз сатылатын кітаптарды көтерме бағада сататын базарда орталық бар, сол жерден аламыз ғой».

Жәмила Батыршаева
Жәмила Батыршаева

Ал қалалық білім бөлімі басшылығының айтуынша, биылғы оқу жылына 999 147 оқулық Алматы қаласындағы белгілі баспаханалардан тапсырыспен алынған. Бұл үшін қазынадан 730 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Бірақ бәрібір оқулық тапшы.

Ғабит Нысанов, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары: «Негізінде, қаламызда кітапр 100 пайыз жеткілікті. Мысалы, №77 мектептен алып, мынау оқулық жетпей жатқан №127 мектепке береміз. Егер №20 мектепте кітап артық берілсе, одан алып №1 мектепке береміз. Осылай жайғастыру шаруалары атқарылып жатыр әзірге. Қыркүйектің 20-жұлдызына дейін қаладағы бар мектепті кітаппен толық қамтамасыз етеміз».

Демек, мектеп оқушылары әлі екі жеті бойы оқулық күтіп сарғаяды. Бірақ одан кейін де шәкірттер түгелдей кітапқа қарқ болса жақсы. Әйтеуір шенеуніктердің кезекті құрғақ уәдесі боп жүрмесе деп тілейік.