Оңтүстіктің өнерпаздары батыстан темір тұлпар мініп қайтты

604

Оңтүстіктің мәдениет басқармасы мұнайлы өңірден темір тұлпар мініп қайтты. Анығырақ айтсақ, Атыраудағы ағайын өңіріміздегі өнер ұжымдары дайындаған «Қазыналы Оңтүстік» атты бағдарламасына тәнті болып, осындай сый табыстауды жөн көріпті.

Атырау вокзалы

Атырау вокзалы

Атыраулық ағайын Оңтүстіктен аттанған өнер ұжымдарын теміржол вокзалында қуана, сән-салтанатымен қарсы алды. Бұл батыстағы жұртшылықтың жомарттығын ғана емес, олардың күнгейдегі мәдениет пен өнерге деген риясыз құрметін көрсетсе керек.

Мұнайлы өңірдегі мәдениеттің алғашқы күнінде жерлестеріміз кеңейтілген көрме-экспозиция ұйымдастырды. Мұнда өңіріміздегі мұражайлар, қолөнер шеберлері мен суретшілерінің 1000-нан астам шығармасы қойылған. Ал екінші қабатта қылқалам шеберлерінің шығармалары ұсынылды.

Бейнелеу өнері мұражайының басшысы, белгілі суретші Айнабек Оспанов та мұнайлы өңірге мазмұнды шығармасын арқалай келіпті. Айтуынша, тарихи туындының мағынасы Атыраудың аумағымен астасады. Атырау облыстық М.Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының фойесінде өрбіген шараға өңір тұрғындары да көптеп жиналды.

Шыңғыс Мұқан, Атырау облысы әкімінің орынбасары: «Қазақ өнері бөлінбейді. Өнер – барша қазақстандықтарға, бізде шоғырланған этнос өкілдеріне ортақ дүние. Дегенмен әр өңірдің мәдениеті мен өнерін таныстыратын, ондағы тұрмыс-тіршіліктен сыр шертетін ұжымдар болады. Осындай өнердің үлкен кеніші Оңтүстікте деп білеміз. Айтулы мәдениет күндерінің көздегені де – тәжірибе алмасу, қазақтың ұмыт қалған дәстүр-мәдениетін жаңғырту, жақсыны үйрену. Сондықтан, қазақи құндылықтардың қаймағы бұзылмаған күнгейлік өнер ұжымдарынан біздің де үйренеріміз көп екенін жасырмаймын».

Гүлнәр Саматқызы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры: «Біз көрмеге құнды жәдігерлерімізді әкелдік. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығы құрмейтіне орай мұнда Кенесары ханның қылышын көрменің төріне қойдық. Ежелдегі қазақ ұлтының өткенін, төл тұрмысын еске салар бағалы бұйымдар да бар. Көпшіліктің назарына Күлтөбе, Бөржар қорымынан зерттеу-қазба жұмыстары кезінде табылған керамикалық дүниелер де ұсынылып отыр. Және қазақтың сазды аспаптарының байырғы үлгілерін де жеткіздік».

IMG_7580

Оңтүстіктің өнерпаздары мәдениет күндері аясында өңірдің аудан-қаласын аралауды да ұмытқан жоқ. Ал Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның ұжымы мен жергілікті өнерпаздар М.Өтемісұлы атындағы қазақ театрының сахнасын әйгілі сазгер Шәмшінің әндерімен әлдиледі.

Қазақ және шетел классикалық шығармалары да шырқалды. Оңтүстіктің өнерін таныстырып, оны ел арасында дәріптеуге келгенде талай дүркін халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты «Қазына» би ансамблінің орны ерек. Бұл жолы да би тобы қазақтың ұлттық биімен қатар, өзге де этнос өкілдерінің шығармаларын шебер көрсету бағытынан танған жоқ. Орындалуы күрделі, қимылы көз ілестірмес би қойылымын тарту етті.

IMG_7929

«Қазыналы Оңтүстік» атты концерттік шараны қолға алып, мәдениет күндерінің мәртебесін үстем етуге себепкер болған мәдениет басқармасының басшылығына темір тұлпардың кілті табысталды. Айта өтейік, осынау 3 күнге ұласқан мерекеге өңіріміздің 160-тан астам өнерпазы жұмылған.