Атырауға жұмыс іздеп барғандарды алаяқтар алдап кетті

281

Атырауға жұмыс іздеп барып, құрғақ шөппен ауыз сүртіп қайтты. Шымкентте тепсе темір үзетін, бір топ жігіт алаяқтардың құрбаны болған. Көп асаймыз деп алданған жәбірленушілер енді әділдік іздеп зыр жүгіріп жүр.

Әділдік іздеген бір топ жігіт бүгін тағы да Абай аудандық полция бөлімінің алдына жиналды. Атыраудағы мұнай компаниясына жұмысқа орналастырамыз деген біреулер әр қайсысынан 70 мың теңгеден жинап алған. Тіпті арнайы курстар ұйымдастырып, келісімшартқа отырыпты. Әйтсе де, 80-ге жуық жігіт алданғанын Атырауға барған кезде бір-ақ білген.

Шет қалада қайыршының күнін кешкен жәбірленушілер, қалаға келген бетте, арыз жазған. Алайда, 2 айдан аса уақыт өтсе де, шағымдарына тұшымды жауап айтатын жауаптыларды таба алмай жүр. Абай аудандық полиция бөлімінің есігін қарауылданғандар, бұл жер екінші үйімізге айналды деп ашынады. Бірі қарыз алып, екіншісі несие алып шет қалада айына 350 мың теңге алып, қарық боламыз дегендер, енді қарызын қайтаруға тарық болып жүр.

«Прокуратурадан адам шақырдық. Ұстап әкеліп қамап тастаймыз деп. Оларға неге жұмыс істемей жатсыңдар десек, «сендердің құжаттарың жалған, мөртабаны да жалған, дейді бізге» деп ашынады зардап шеккендердің бірі.

Ал, ішкі істер органдарының өкілдері жағдайдан хабардар болғанымен, қандай да бір түсінік беруден бас тартып, қаша жөнелді.

Алданған жігіттер тек Шымкент қаласынан емес, еліміздің түкпір – түкпірінде. Шенді-шекпенділер мен алаяқтардан көңілі қалған жәбірленушілер енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Ғалымжан Кенжебек