Шатырынан су аққан тұрғындар наразы

497

Шатырынан су ағып, қабырғасы қаусаған үйдің тұрғындары жаңарту бағдарламасы жарытпағанын айтып шағымданды. Ленгір қаласындағы 1-шағынауданның тұрғындары бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жүргізілген жөндеу жұмыстарына наразы. 41 миллион теңге жұмсалған көп қабатты үй жауын-шашынды күндері көлшікке айналатын көрінеді.

көпқабатты үй
Леңгір қ., 1-шағынаудан, №1 үй

қабырға
Су аққан үйдің бұрыштары

Тұрғанкүл Айнақұлова үйінің шатырнан су аққалы баспанасы жұпыны күйге түскенін айтып жыларман. Леңгірдегі 1-шағынаудан, №1 үйдің тұрғыны атанғанына 10 жылдан асқан әйел, ІІІ топ мүгедектігі үшін мемлекеттен төленетін соңғы теңгесіне дейін шатырды жабуға жұмсапты. Бірақ, араға ай салып, жауған жаңбырдың нәтижесінде бөлмелерінің қабырғасы қаусап, шатырдан қайта су аққан. Енді көп балалы ана жауын-шашын үйдегі электр жарығына тиіп, жарылыс бола ма деп жанын шүберекке түйіп отыр.

Тұрғанкүл Айнақұлова
Тұрғанкүл Айнақұлова

Тұрғанкүл Айнақұлова: «Барлығы қайтадан құлап, жөндеу жұмыстары зая кетті. Анау газдың құбырлары да үзіліп бітетін болды. Мына электр сымдарына су тиіп жатыр, енді жарылса тірі қалмаймыз ғой. Әкімшілікке барсақ, бізге келмеңіздер деп, ат-тонын ала қашты».

Тұрғындардың сөзіне сенсек, мұнда жапа шеккен жалғыз жанұя бұл емес. Леңгір қаласындағы 1- шағынауданда бір емес, 3 бірдей көп қабатты үйдің тұрғындары, 180 отбасынының кешкен күйі осы. Жауын-шашыннан үйлері көлшікке айналып, шатыры құлайды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=toKWpEZ_dYc[/youtube]

Абай Жолдасов, Леңгір қаласының тұрғыны: «Мен де үйімді жуырда ғана жөндеп едім. Не болды енді?! Шатырдың барлығынан су ағып, қабырға құларға шақ тұр. Әкімшілікке барсақ, мердігер мекемеге сілтеді. Ал мердігер, біз өз жұмысымызды аяқтағанбыз деп сөзімізді тыңдауға да құлық танытпады».

Төле би аудандық әкімдігі өкілдерінің айтуынша, қаладағы 1 -шағынаудандағы 3 үйге осыдан 3 жыл бұрын ағымдық жөндеу, жаңарту жұмыстары жүргізілген. Бұл үшін қазынадан 41 миллион теңге де бөлініп, игерілген. Енді сапасы сын көтермей тұрған үйлер үшін мердігер компания жауап береді. Қазіргі уақытта бұл шаруа атамыш кәсіпорынға қайта жүктеліп те қойыпты.

Нұрлыбек Тұрлыбеков
Нұрлыбек Тұрлыбеков

Нұрлыбек Тұрлыбеков, «Жырым» ЖШС өкілі: «Енді кейбір кемшіліктер болса, оның барлығын алдағы 1 айдың ішінде түзейміз, жөндейміз. Себебі біз 3 жыл мерзімге кепілдік бергенбіз о баста.»

Енді аудандық билік пен құрылысты жүргізген мердігер кәсіпорын 1 айдың ішінде мәселе шешіледі деп сендіреді. Осылайша тұрғындарға тағы 30 күн күтуіне тура келіп тұр.