Леңгір қаласындағы жалдамалы үйден шу шықты. Тұрғындар жалғыз баспанасының шатырдан су кетіп, қабырғасы көгеріп жатқанына қапалы. Әкімдік кемшіліктерді жөндейміз дейді.
«Мына үйдің алдындағы шатыры түсіп кетті. Міне, мына баланың басына құлап түсті».
Түркістан облысы Төле би ауданы Леңгір қаласында 5 қабатты жалдамалы үйдің кіреберісіндегі қалқа екі баланы басып қалды. Түрлі дене жарақатын алған олар ауруханаға жеткізілген. Балалар ауруханадан шыққанымен, біріне қосымша тексеру жасату ұсынылған. Ал қалқаны мердігер компания жөндеп берген.
«Мынау 1 подьезден 2 подьездге өтіп жатыр ғой».
Жалдамалы көпқабатты тұрғын үйді жергілікті әкімдік жеке инвесторлардан сатып алған. Ресми мәліметке қарағанда, бұл үйге қоныстану биылғы жылдың сәуір айында басталған. Дегенмен, үйдің сапасы сын көтермейді. Тұрғындардың сөзінше, қабырғасы жарылған, көгерген, шатырынан су кеткен. Терезеден жел уілдейді. Жауын-шашында аула суға толады. Су жүйесі атымен жоқ.
«Міне, байқасаңыздар су көлкіп жатыр».
Аудан әкімдігі жалдамалы үйдің жағдайымен таныс. Әкімдік дерегінше, көпқабатты тұрғын үй Төлеби аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің балансында. Үй жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы аясында сатып алынған. Үйді сатып алғанда ешбір кемшілік анықталмаған.
«Қазіргі таңда барлық кемшіліктер тапсырыс берушінің есебінен жойылуда. 7-үйдің шатыры тапсырыс берушінің есебінен қалпына келтірілді. Жобада тек көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы көзделген, ал сыртқы инженерлік инфрақұрылымдар тапсырыс берушінің қаражаты есебінен жүргізілген»
ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМДІГІ
Әкімдік пәтерлердегі ылғал, төбеден су ағу, қабырға жарықтары сияқты ақаулар жойылып жатыр дегеннен аспайды. Бірақ оның қашан, қалай бітетіні белгісіз. Айта кетейік, жалдамалы тұрғын үй жылдар бойы баспана кезегінде тұрған адамдарға берілген. Олардың қатарында жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі тұрғындар мен көпбалалы отбасылар бар. Бұл пәтерлер олардың жалғыз баспанасы.
Дилара Иса






