Шымкентте 31 қазанда белгіленген сенбілік күні жаңбыр себелеп тұрды. Бірақ құрал-сайманын сайлап шыққан бюджеттік мекеме қызметкерлеріне ол кедергі бола алмады. Дегенмен, олардың арасынан білек сыбанып, белсене кіріскен тұрғындар төбе көрсетпеді.
Шаһар көшелерін шырайландырып, көгалдандыруды іс жүзінде көрсетуді ойлаған облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов қолына күрек алып, жас көшетті егуге кірісті. Қала әкімі Габидулла Әбдірахымов та қарап қалмады. Осылайша екі шенеунік те жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын көріктендіруге үлесін қосты.
Жергілікті биліктің мәліметінше, биылғы жыл басынан ұйымдастырылған 10 сенбілікке 32 мың тұрғын қатысыпты. Нәтижесінде 386 мың текше метр қоқыс шығарылып, 16 мың шаршы метр арық-атыз тазартылған. Оған қоса 800 түп көшет отырғызылыпты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=tuR-Iit5hTo[/youtube]
Кешегі жауын-шашынды ауа райы қаласын сүйетін қауым үшін кедергі бола алмады. Енді жыл соңына дейін қала әкімдігінің тағы бір сенбілік ұйымдастырмақ жоспары бар.
Нұрлан Жаңабай