Коммуналдық сала – басты назарда

412
Коммуналдық сала

Шымкент қалалық әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосыновтың төрағалығымен қаланың 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы аясында жиын өтті. Отырысқа тұрғын үй комитетінің белсенділері, коммуналдық салаға жауапты мамандар қатысып, шаһарда қордаланған коммуналдық мәселер жайы сөз болды.

Дәл қазіргі таңда Шымкенттегі басты мәселе – халыққа қажетті инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру болмақ. Үшінші қала атану үшін ауызсу, кәріз, электр, газ, жылумен қамтамасыз ету көздері, олардың қуаты және қаланың қажеттілігі толық шешімін табуы қажет. Алайда, шешімін таппаған түйін де жоқ емес.

Коммуналдық сала

Мәселен, кәріз суларын тазалайтын ғимараттың қуаты қаланың қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды. Соның салдарынан шаһарымыздың бірқатар аумағы ластануда. Қазіргі таңда қалаға жаңадан қосылған 5 елдімекендегі көп қабатты үйлердің кәріз мәселесі өзекті болып тұр. Бұл үйлердегі кәріз жүйелерінің істен шыққанына 15 жылдан астам уақыт өткен. Қалдық сулар өзендерге қосылуда.

Осы мәселені шешу мақсатында биылғы бюджеттің есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Оның алдын алу үшін сала басшылары жүйелі жоспар дайындап, қалдық суларды өңдеп-тазалайтын ірі зауыт құрылысын салуды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, қала халқының инженерлік жүйелермен қамтылу деңгейі ауыз су бойынша – 83,5 пайыз, кәріз желісі – 44,8 пайыз, электр – 85,0 пайыз, газ 64,9 пайыз. Қазіргі таңда жартылай қамтылған және қамтылмаған елдімекендердің мәселесін шешу үшін арнайы комиссия жұмыс істеуде.

Тоқталатын тағы бір мəселе, шаһардағы инженерлік жүйелердің басым бөлігі тозған. Осының салдарынан қызмет көрсету сапасы да төмен. Монополистердің балансындағы су құбырларының 55 пайызы, кәріз жүйелерінің 80 пайызы тозса, газдың 40 пайызы, электр желісінің 60 пайызы, жылу құбырларының 82,6 пайызы ескірген.

Бұл күні қоқыс полигондарының жай-күйі де сөз болды. Аталған мəселе бүгінде оң шешімін тауып келеді. Қаланың 2 жерінде алаңы 34 гектар полигон бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 300 мың тонна болса, қаладан бір айда шығатын қоқыс 15 мың тоннаны құрайды. Демек, бұл қоқыс полигондары 2 жыл көлемінде толады.

Ал Мәртөбе елдімекеніндегі қоқыс полигонына халық жақын қоныстанған. Осындағы тұрғындардың талап-тілегін ескерген қала әкімі Ғ.Әбдірахымов санитарлық қорғау аймақтары бұзылған және халықтың денсаулығына қауіп төндіретін қоқыс базасын жаптырып, қаланың 2 жерінен жаңа полигон салуға тапсырма берді.

Сонымен қатар қала шекарасының ұлғаюына және қала құрылысының қарқынды жүруіне байланысты санитарлық тазалық жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту туралы жауапты салалар жұмысын жүйелей түсуді тапсырды.

Шымкент әкімінің баспасөз қызметі