Шымкенттің қоғамдық көліктерінде электронды билет қолданысқа енеді

264
Электронды билет

Жақында Шымкенттегі қоғамдық көлік қызметінде толығымен электронды билет жүйесі енгізіледі. Осыған орай қала әкімі кореялық  «Korea Smart Card» компаниясының өкілдерімен кездесті.  Нәтижесінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесін енгізу туралы меморандумға қол қойылды.

Электронды билет

Бұл жаңалық толығымен инвесторлар есебінен жүзеге асырылады дейді әкімдік өкілдері. Электронды қондырғыларды автобустарға орнату, арнайы жол жүру картасын шығаруды инвесторлар өз қаржысына орындамақ. Олар «тек әр билеттен 10 пайыз ғана пайда көреміз» деп отыр.

Қуантарлығы, бұл қызмет түрі бұнан былай көлеңкелі жолмен табыс тапқысы келетін қоғамдық көлік компанияларынның жұмысына тосқауыл қояды дейді әкімдік өкілдері. Сонымен қатар жолаушылардың қала ішінде еркін қозғалуына жағдай жасайды. Яғни бір карта арқылы барлық автобуста қатынауға мүмкіндік бар.

Электронды билет

«Korea Smart Card» компаниасы IT-консалтинг саласы және автоматты  жол жүру билетін сату бойынша әлемдегі ең үздік инвестициялық ұйым болып табылады. Компания 2004 жылдан бері 97 миллионнан астам электронды картаны жүйеге енгізген. Дәлірек айтсақ, 24 мың автобекетке және 10 мыңнан аса метроның кіре берісіне электронды билет жүйесін орнатқан. Бір күндік транзакция көлемі 19 миллион доллардан асады.

Алдағы 10 күн ішінде кәріс мамандары Шымкентке келіп, қоғамдық көлік саласына зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде, бірер ай ішінде, қаладағы қоғамдық көлік саласы толығымен электронды билет жүйесіне көшпек.

Естеріңізге сала кетер болсақ, электронды билет жүйесі – «Ақылды қала» жобасы аясындағы маңызды қадамдардың бірі.  Шымкенттің 2020 жылдарға дейінгі даму тұжырымдамасын таныстыру барысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көліктегі проблемаларға баса назар аударғандарын айтқан болатын. Сонымен қатар Астана, Алматы, Қызылорда қалаларының үлгісінде коммуналдық автопарк ашу қажеттігін еске тағы бір рет алған.

Айта кету керек, бүгінде  шаһарда 27 көлік компаниясы 81 бағытта 1 198  кестемен қызмет көрсетеді. Қоғамдық көліктердегі жолақысы басқа қалалармен салыстырғанда арзан. Соның салдарынан тасымалдаушылардың автобус парктерін жаңалауға қызығушылығы төмен.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі