Жылу маусымы басталғанымен, шымкенттіктердің барлығын қуантып отырған жоқ. Бір жерде жылу жүйесі істен шығып жатса, енді бір аумақта құбырлар жарылып, жылу беру тоқтатылған. Мамандар мұның барлығы тұрғындардың селқостығынан деп отыр. Яғни, жертөледегі жүйеге дер кезінде көңіл бөлмегендер, суық бөлмені паналап отыруға мәжбүр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=-1djxrD6gdc[/youtube]
Суға толы жертөле, ыстық су атқылаған құбыр, істен шыққан құрылғы-қақпақтар. Мұның барлығы жылу маусымына дайындалмаудың салдары. Жангелдин көшесі №16 үйдің тұрғындары жертөледегі жылу жүйесін дер кезінде жөндетпей, жарты жолда жылусыз қалды.
Оны қалпына келтіру үшін мамандар 25 мың теңге сұраған. Алайда үй төрағасы оны жинау оңайға соқпайтынын айтып, зар жылап отыр. Тұрғын үйдің төрағасы Жеңісбек көршілерінен бір тиын алу үшін жертөлеге түсіріп, түсіндіру қажеттігін айтады. Ал ол уақытты қажет етеді. Осындай селқостықтан бүгінде жылусыз қалып отырғандарын жасырмайды.
Десе де үй төрағасы әр пәтердің есігін қағып, қаржы жинауға мәжбүр. Жертөледегі жылу құбырын жөндетпей, жылу берілмейтіні айдан анық. Бұл жолы коммуналдық қызмет бөлімінің мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуге де дайын. Ала жаздай жылуға алаңдамаған азаматтарға заң бойынша құқығын ұғындырып, міндетін жүктемек.
Ал көрші көпқабатты үйдегі жағдай мүлдем басқа. Жертөледегі жылу жүйелері маусымға арнайы дайындықтан өткен. Жылу құбырларына манометр мен термометр қойылған. Жангелдин көшесіндегі №22 А үйдің әр пәтерінде жылу бар. Құбырлар қол тигізбейтіндей ыстық. Үй төрайымы тиындап қаржы жинап, тынбай еңбек етудің нәтижесінде осындай жағдайға жеткендерін жасырмайды. Ең бастысы көршілердің ауызбіршілігі қажет дейді.