Төтенше жағдай бола қалса, көпқабатты үйлердің жертөлесі мен жерасты тұрақтары халыққа пана болуы тиіс. Оларды жабдықтау мен қауіпсіздік талаптары бекітілген. Алайда мамандар бұл ережелерге күмәнмен қарайды. Себебі, іс жүзінде мұндай орындардың көбі талапқа сай емес: жөндеу көрмеген, техникалық жабдықталуы да сын көтермейді. Ал нақты қаржы мен жүйелі бақылау болмаса, бұл бастама құр қағаз бетінде қалуы мүмкін.
Төтенше жағдай бола қалса, қазақстандықтар күнделікті көріп жүрген жертөлелер мен паркингтерді паналай алады. Елімізде осы нысандарды арнайы қорғаныс орындары ретінде қайта жабдықтау көзделіп отыр. Сауда министрлігі жертөлелер мен паркингтерді қауіпсіз панажайға айналдырудың нақты стандарттарын әзірледі
ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ
«Жертөлелердің құрылымы мен жоспарлануына, сондай-ақ тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне қойылатын талаптар бекітілді. Оның ішінде желдету, су, электр қуаты, санитарлық жағдай мен байланыс жүйелері бар. Сонымен қатар, ғимараттардың техникалық күйін, соның ішінде тіреуіш конструкциялары мен инженерлік желілерін тексеру тәртібі де белгіленді».
Бірақ сарапшылар жертөлелердің жағдайы әртүрлі екенін айтады. Мүлік иелері бірлестігіне өткен үйлердің асты біршама реттелген. Ал қараусыз қалған, қоқыс басып, су астында жатқан немесе есігі құлыптаулы жертөлелер де аз емес. Ол жерлерге желдеткіш пен жарық орнату – техникалық тұрғыдан өте қиын шаруа.
АЛЬБИНА МҰХАМЕДИЯРОВА, «ҚОСТАНАЙ ҚАМҚОР» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: «Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойламаймын. Егер мемлекеттен қаражат бөлінсе, әрине, идея жақсы.Бірақ кез келген жертөлені панажайға айналдыру мүмкін емес. Мәселен, мен басқаратын үйлердің арасында биіктігі небәрі бір метр болатын жертөлелер бар. Ол жерде еңкейіп әрең жүресің. Мұнда түйткілді мәселе көп: қаржыландыру жағы, сосын жертөледен бөлініп, жекеменшікке өтіп кеткен нысандар бар»
Мамандардың айтуынша, бұл стандарттардың орындалуына қатаң бақылау жоқ. Сондықтан жақын арада жағдайдың өзгеруі екіталай. Құрылыс саласының ардагерлері бұрынырақта салынған үйлерде арнайы панажайлар мен қосалқы шығу жолдары қарастырылғанын,ал қазір мұндай шешімдерді жүзеге асыру үшін орасан зор шығын керектігін айтады.
НИКОЛАЙ САЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫСЫ: «Ешбір жобалаушы 200 отбасы тұратын үйге барып, төтенше жағдай үшін мынадай жұмыс істеу керек, пәленбай ақша жұмсау керек демейді. Оны ешкім істемейді де. Біріншіден, шығынды ешкім есептеп бере алмайды. Үшіншіден, бұл істің айналасында ақша жегісі келетіндер тағы пайда болады. Бірде-бір үйдің тұрғындары дизельдік электростанция немесе желдеткіш қондырғы орнату үшін өз қалтасынан ақша шығармайды»
Сондай-ақ, мамандар жертөлелер мен паркингтерді панажай ретінде қолданудың қаупі де бар екенін ескертеді. Су басу кезінде бұл жерлер бірінші болып толады, жер сілкінгенде үйінді астында қалу қаупі жоғары, ал жарылыс немесе дрон шабуылы болса, шығатын есіктердің аздығынан бұл орындар адамдар үшін қапасқа айналуы мүмкін.
Ботакөз Әнуар






