Қазығұртта 100 тоннадан астам астық жиналды

279

Қазығұрт ауданы бірқатар салалар бойынша жетістікке жетіп, 2015 жылды оң нәтижелермен қорытындылады. Негізінен астық өсірумен және мал шаруашылығымен айналысатын аудан еңбеккерлері «Алтын күз 2015» мерекесінде астық өндіруден 1-орынға шығып, 41 мың гектардан астам алқаптан 24 центнерден түсім алып, 100 891 тонна астық жинады.

Қазығұрт асуыҚазғұртСонымен қатар аудан шаруалары мақсары өсіруден 3-орын алып, ала жаздайғы еңбегі ақталды. Мал шаруашылығына келсек, қазығұрттықтар биыл 9 мыңдай ірі қараны бордақылап, өткен жылмен салыстырғанда мың басқа артық жемдеді, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

«Сыбаға» бағдарламасы 137,5 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 125,4 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасы 120 пайызға, жұртшылық табынға асыл тұқымды бұқа сатып алу тапсырмасы 293,3 пайызға орындалған. Ауданның әлеуметтік салада да атқарылған жұмыстары баршылық.

Мәселен, Қазығұртта жыл басынан бері 2 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар 114 пайызға, тұрақты және уақытша жұмысқа 1585 адам тартылып, жоспар 131 пайызға орындалған. Балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту жұмыстары да ауданда жоспардан артық орындалып отыр.

Ауданда «Балапан» бағдарламасы орындау мақсатында биыл 5 889 балғынды балабақшамен қамтып, жалпы көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланса, бүгінгі күнге 5 920 бүлдіршін мектепке дейінгі мекемеге қабылданып, жоспар 80,4 пайызға орындалған.

Салалардағы жетістіктер мұнымен шектелмейді. Ауданда 5 ауылдық мәдениет нысаны күрделі жөнделіп, аудандық мәдениет сарайы ағымдағы жөндеуден өтсе, С.Рақымов ауыл округіне қарасты Көкібел ауылында жаңадан 200 орынды мәдениет үйі пайдалануға берілді.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 2015 жылы үш жақты келісім бойынша 8 жобаның қаржыландырылуын ұйымдастыру тапсырмасы биыл 10 жобаға жетіп, жоспар 125 пайызға орындалып отыр. Ал индустриаландыру картасына жалпы сомасы 1 млрд 647 млн теңгенің 5 жобасы енгізілді.