Оңтүстікте алаяқтар көбейді

277
Прокурорлар

Оңтүстікте биыл 11 айда алаяқтық бойынша 5500-ге жуық арыз бен хабарлама тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе артып отыр. Алаяқтықтың  дені пәтер, үй, жер телімдерін сатып алу, несиелерді рәсімдеу, қарызға ақша беру сияқты заңсыз әрекеттерге қатысты.

Осы мәселеге қатысты баспасөз мәслихатын өткізген облыстық прокуратура өкілдері мен ішкі істер департаментінің полицейлері мұндай жағдай азаматтардың заң тұрғысында сауатының төмендігінен туындайтынын атап өтті.

Прокурорлар

Шенділердің мәліметіне жүгінсек, алаяқтықтың арасында телефон арқылы шалынған қоңыраумен шикілік шығаратындар жетерлік. Жақын туысы полицияға түсіп қалғанын хабарлап, ақша талап ету деректері әлі де толастар емес. Биыл 18 жәбірленушінің «пирамидаға» ілігіп, ақшасынан айрылған оқиғаға қатысты қылмыстық топ құрықталыпты. Аталған факт бойынша қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Құқық қорғаушылар алаяқтықпен күресу жолдарына да тоқталды. Несиені банктен ресми түрде алу – ең сенімді қадам. Ал үйге ие болу үшін құзырлы мекемелерге жүгінуген абзал. Жер телімін немесе мүліктерді сатып алу барысында түбірін тексеріп, заңдылығына көз жеткізу қажет. Жұмысқа орналасқанда да тамыр-таныс іздеп, пара беріп, әбігерге түспей, заңды түрде еңбекке тартылу шарт.

Алаяқтардан қорғанудың тиімді жолы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет деп есептейді шенділер.

Шынар Оразова