Тәуелсіздікке тарту: Түркістанда 9 әлеуметтік нысан ашылды

439
«Жан-Нұр» балабақшасы

Түркістан қаласында тәуелсіздіктің 24 жылдығына орай 24 игі іс-шара ұйымдастырылды. Ұлық күнді ұлықтауға арналған осы бағдарлама аясында  шаһар тұрғындары 9 әлеуметтік нысанның ашылуына куә болды. Мұнда азаттық мерекесі мемлекеттік-жеке әріптестік аясында бой көтерген 120 орынды «Жан-Нұр» балабақшасының ашылу салтанатынан бастау алды.

«Жан-Нұр» балабақшасы

Аймақтағы тұрғындардың қуанышын еселеген әлеуметтік нысан қала бойынша балғындарды мектепке дейінгі мекемемен қамту көрсеткішін 76,6 пайыздан 77,12 пайызға артуына сеп болды.

Осындай игілікті іс қала орталығындағы Ғ.Мүсірепов көшесінде жаңадан салынған «Жастар мен жасөспірімдер орталығы» ғимаратының ашылуымен жалғасын тапты. Нысан келешекте қала жастарының бас қосып, келелі істерді талқыға салатын ордасына айналмақ.

Мерекедегі басты қуаныштардың бірі – қаладағы көп қабатты 2 үйдің орталық жылу қазандығына қосылуы болды. Төле би және Жүсіп Қыдыр көшелерінің қиылысында орналасқан қос үй Кеңестік кезеңнің күйреуіне бірге ұшырап, мұндағы тұрғындар бүгінге дейін қатты отын жағып, пәтерін жылытқан. Бұл жағдайды жіті бақылауға алған қала әкімдігі бас-аяғы 2 жыл ішінде осы үйлердің алдымен ескірген ауыз су мәселесін шешті.

Бұдан соң тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы бойынша қос үй күрделі жөндеуден өтіп, облыс бюджетінен бөлінген қаржыға жылу қазандығынан құбыр тартылып, ондағы 122 пәтерге жылу жетті.

Бұдан бөлек, қаланың 6 бағыттағы шыға беріс көшелері түгел жарықтандырылды. Сондай-ақ, орталық 6 көшеде жаңадан электр бағаналары сап түзеп, олардың да маңдайына шамдар орнатылды.

Енді Түркістанның сүті облыс аумағындағы дүкендерде сатылуы мүмкін. Қалаға қарасты Қарашық ауылында орналасқан «Тұран» шаруа қожалығы сүт өнімдерін өндірмек. Бұған дейін мақта егіп, мата шығарып, қала берді мақта майы мен өздерінің су сабынын нарықта саудалап жүрген қожалықта бұдан былай ағарған шығарылады. Қосымша 10 адамды жұмыспен қамтып отырған цехта жылына 1800 тонна сүт өнімдері өндіріліп, жылдық табыс көлемін 270 млн теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Мереке қарсаңында Түркістан өңірін кесіп өткен «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырынан автоматтандырылған газ таратушы стансасы және Ескі Иқан ауылына дейін газ жеткізгіш құбырының құрылысы бітті. Алдағы уақытта бұл газ құбырынан осы аймақтағы 20 мыңнан астам үш ауылдық округ тұрғындары табиғи газ тұтынуы тиіс.

Бұдан былай Түркістанда таза ауыз судан таршылық болмауы тиіс. Егемендік күні аясында Кентау қаласынан Түркістан шаһарына дейін келген құбырдың су өткізгіш бөлігінің су таратқыш құрылғысының құрылысы толықтай аяқталды. Ендігі жерде 160 мың тұрғыны бар шаһарға келетін ауыз су көзінен ақау шықпайды деп күтілуде. Кезең-кезеңімен жүргізілген құрылыс жұмыстары 2013 жылдан бастау алып, биыл пайдалануға беріліп отыр.

Бұдан бөлек, тәуелсіздікке тарту ретінде қаладағы 30 мың халқы бар «Бекзат» шағынауданындағы электр қуатының сапасын арттыратын және осындағы индустриялды аймаққа қажетті 5 мВт электр қуатын тарататын 110/35/10 кВ «Коммунальная» қосалқы стансасының құрылысы өз межесіне жетіп, іске қосылды.

Осылайша тұрғындардың игілігін еселеп, индустриялды аймақтағы кәсіпорындардың көкжиегін кеңейтетін нысан заман талабына сай сапалы қызмет көрсететін болады.

Түркістанда ашылған 9 әлеуметтік нысанның соңғысы – қаладағы сарқынды су жүйесінің құрылысы. Еске сала кетсек, 2014 жылдың күзінде Түркістанда «Ғасыр жобасы» деп аталған сарқынды су тазалағыш стансасы және сарқынды су жүйелері іске қосылып, ақпарат құралдары республика көлемінде сүйіншілеп, жаңалық таратқан-ды. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде 70,2 млн теңгеге биыл тағы да қалаішілік сарқынды су жүйесі жүргізіліп, 13 білім мекемесі, орталық кітапхана мен халыққа қызмет көрсету орталығы осы орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосылды.

Түркістандағы той мұнымен шектеліп қалмады. Мереке аясында шаһарда өзге де іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. 18 желтоқсанға дейін тәуелсіздік мерекесін тойлайтын өңір жұртшылығы әлі қайырымдылық шаралармен қатар рухани жан дүниені байытатын қала мен ауылдардағы мәдени кештердің де куәсі болады. Одан бөлек спорттық сайыстардан облыстық, қалалық біріншіліктердің туы көтеріледі.

ОҚО әкімі баспасөз қызметінің  мәліметтері бойынша