Зейнетақы жарнасын аудармаған кәсіпорындар бар

271

Облыста 2500-ден астам кәсіпорын міндетті зейнетақы жарнасын берешек. Жалпы қарыз сомасы 250 млн теңгеден асып жығылады.

зейнетақыМемлекеттік мекемелер де бұл міндеттің үдесінен шыға алмай отыр. Бүгінде 300-ден аса мемлекеттік мекеменің берешек сомасы 16 млн теңгені құрайды. Бұл туралы облыс әкімдігі жанынан құрылған дағдарысқа қарсы штабтың кезекті отырысында мәлім болды.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, борышкерлердің 90 пайызы – шаруа қожалықтары. Мемлекеттік кірістерді бақылайтын мамандар шаруаларға тиесілі субсидия көлемі артып отырса да қожалықтар арнайы төлемдер жасауға келген салғырттық танытады деп отыр.

Әлеуметтік аударымдарды уақтылы жүзеге асыра алмай отырған мекемелердің берешек сомасы 123 млн теңгеден асады. Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды өндіру шаралары бірнеше рет жүргізілгенімен, нәтиже болмаған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Әсия Темірбаева борышкерлердің саны әлдеқайда аз болуы да мүмкін дейді. Себебі, тиісті төлемдер бойынша уақтылы есеп айырыса алмай отырған мекемелердің жұмыс көлемі азайып, мамандарын қысқартуға мәжбүр.

Бұл шаралар халықтың қаржылық дағдарыс кезінде әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталып отыр. Сондықтан өңірде жұмыссыздық белең алмауы үшін мұндай зерттеулер сауатты жүргізілуі тиіс. Комиссия мүшелері бұл шаруалардың өз деңгейінде атқарылуын қадағалауды аудан, қала әкімдеріне жүктеді.