Кентаудағы индустриалды аймақтың құрылысы аяқталды

373

Кентауда индустриалды аймақ құру жұмыстарының алғашқы кезеңдері аяқталды. Құны 930 миллион теңгеге электр станциясы қойылды. Нысан мемлекеттік қабылдау актісімен қабылданып, «Оңтүстік» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» серіктестігіне сенімгерлік басқаруға 2 жыл мерзімге берілді.

Нәтижесінде индустриалды аймаққа орналасатын өндіріс орындары арзан жарықпен қамтылады. Мұндай мүмкіндікке ие болғандардың бірі – «Моноэлетех» компаниясы.

Жасур Әбдіраимов, компания өкілі: «Индустриалды аймақтан 2 гектар жер алдық. Цех салдық. Трансформатор зауытына қажетті бөлшектерді шығарамыз. Бұрын олар шетелден тасымалданып келген. Жобамыз биылдың екінші тоқсанында іске қосылады. Мемлекеттің есебінен инфрақұрылым тартылып берілді.»

Айта өтейік, аймаққа 6 жоба орналастырылады. Нәтижесінде 2 млрд 267 млн теңгеге инвестиция тарту жоспарлануда. Одан бөлек Оңтүстік кәсіпкерлік палатасының Кентаудағы өкілдігі тарапынан бес жоба мақұлданған.

Мұрат Садуов, кәсіпкерлік палатасының Кентаудағы филиал басшысы: «Бүгінгі таңда инвестор тарту жұмыстары жүргізілуде. Үш жақты келісім-шартқа тұрып, қытай инвесторлары қаламызға келіп, полиметалды комбинатқа өздерінің қаржыларын салуға бел байлап отыр. Инвестиция көлемі 5-10 миллион доллар көлемінде.»

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен инфрақұрылым тарту жұмыстары толығымен аяқталған. Мұнда бірден үш кәсіпорын жайғасып үлгерген. Алғашқылардың бірі өз жұмысын бастап кеткен. Енді кенді шаһардан отандық өнімдер өндіріліп, импортталатын күн жақын.