Жаңа қоқыс жәшіктері орнатылуда

415
Жаңа қоқыс жәшіктері

Шымкенттегі көп қабатты үйлердің аулаларында жаңа үлгідегі қоқыс жәшіктерін көрсеңіз, таңданбаңыз. Еңбекші ауданындағы үйлердің жанына алғашқылары орнатылып қойды. Енді оны ұқыпты ұстап, пайдалану керек. Аудандағы қоқыс алаңдарын қайта құру үшін өткен жылы бюджеттен 60 млн теңге бөлінген.

Жаңа қоқыс жәшіктері

Әр жәшіктің бағасы – 89 мың тенге. Евроүлгідегі контейнердің сыйымдылығы ескісіне қарағанда 350 келіге артық екен. Оңай жылжытылады. Төрт доңғалағы бар жәшікпен көлікке қоқысты арту да қиындық туғызбайды дейді мамандар. Бұл бастама тұрғындарға да ұнап отыр.

Қала басшылығы шаһарды таза қалалар қатарына қосамыз деп, талай акция, шараларды өткізуде. Алайда, Шымкенттегі 4 ауданда әлі де атқарылуы тиіс жұмыс көп. Мәселен, Еңбекші ауданы бойынша қураған ағаштарды кесуге 40 млн теңге, ал аулаларды қоқыстардан тазартуға 210 млн теңге бөлінгенімен, кесілмеген ағаштар және тазартылмаған аулалар жеткілікті. Ал жауаптылар жұмысты ширатамыз деуден жалықпайды.

 

Биыл ауданда қосымша 8 алаңшаны жаңарту жоспарланып отыр екен. Ал кей шағынаудандарда бұл жұмысты тежейтін тұстар да жетіп артылады. Қоқыс шығаратын көліктер кей аулаларға кіре алмайды. Аулалар тар және түрлі құрылыстар кедергі келтіреді. Ондай аулалардың өзі 20-дан асады. Мұны тез арада шешпесе, жағдай ушығуы ғажап емес.

Нұрлан Жаңабай