Жолды бөлісе алмай, қарсыласын ұрлап кеткендер ұсталды

209
Қолға түскен қарақшылардың бірі

Шымкенттік полицейлер 21 жасар жергілікті тұрғынға шабуыл жасаған күдіктілерді ұстады. Оқиға 12 қаңтар күні болған. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сол күні Қаратау полиция бөліміне Сайрам ауылында белгісіз біреулердің жас жігітке шабуыл жасап, автокөлікке отырғызып, алып кеткені туралы хабарлама келіп түкен. Оқиға орнына дереу бірнеше жол-патрульдік экипажы жіберіледі.

Қолға түскен қарақшылардың бірі

Полицейлер сол маңдағы куәгерлерді сұрастырып, шабуылдаушылардың «ВАЗ-21703» және «БМБ-525» екі көлігімен келгенін анықтайды. Олар жанар-жағармай бекетіне келіп, «ВАЗ-21099» автокөлігінің жүргізушісін күштеп өз көліктеріне отырғызып, алып кеткен. Жергілікті тұрғындар полицейлерге жол сілтеп те жібереді.

Күдіктілерді ұстау мақсатымен Шымкент қаласында тосқауыл жоспарын жарияланды. Жедел іздестіру нәтижесінде инспекторлар күдіктілердің автокөлігін қуып жетіп, ішіндегілерді ұстады. Жәбірленушіні босатып алды. Ол Сайрам ауданының 22 жастағы тұрғыны екен. Ал 3 күдікті – 27, 29 және 36 жастағы Төле би ауданы мен Шымкент қаласынан келгендер.

Автокөлік ішін тінту барысында айғақты зат ретінде «Сайга», «ИЖ-58» екі аңшы мылтығы, «Лидер» травматикалық мылтығы, тіркелмеген қарулар мен түрлі калибрлі оқтары тәркіленді. Оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін күдіктілер мен жәбірленуші Қаратау ПБ-не жеткізілді.

Ұсталғандар бұл оқиға жүргізушілер арасында жолды бөлісе алмаудан туындады деп түсіндіріпті. Бұл факті полиция бөлімінде тіркеліп, қылмысты кодекстің үш бабы – 126 (заңсыз бас бостандығынан айыру), 293 (бұзақылық) және 287-баптар (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша іс қозғалды.

Сараптама тағайындалып, күдіктілер қамауда жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Қазір полиция осы іске қатысы бар өзге де күдіктілерді іздестіріп жатыр.