Ұстаздар мен оқушылар мектеп киім үлгілерін тамашалады

1807
Мектеп киімі

Шымкентте мектеп оқушыларының киім үлгілері көрсетілді. Онда ұлдарға және қыздарға арналған бірыңғай формалардың сан түрі ұсынылды. Ұйымдастырушылар мұндай көрмелер ата-аналарға дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік береді дейді.

Мектеп киімі

Классикалық киім үлгілері оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тігілген. Мәселен, қазір бастауыш сынып оқушылары арасында жакеттер сәнді. Ал сарафандар оқушылардың жүріп-тұруына, қимыл-қозғалысына ыңғайлы дейді мамандар. Жоғары сынып шәкірттерінің костюм-юбкалары сәнді үйлесімділігімен ерекшеленеді. Сәнгерлер мұғалімдерді де ұмыт қалдырмапты.

Мектеп киімі

Көрменің мақсаты мектептердегі киім үлгілерін бірізділендіру, ата-аналарға дұрыс таңдау жасауға көмек беру дейді ұйымдастырушылар. Бұл нарықта отандық киім фабрикаларанының үлесін арттырып, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау да ойда бар. Ал тігіншілер маталарды Түркия, Иран, Ресей елдерінен арнайы алдырттық деп отыр. Кәсіпкерлер импорттық шикізаттың тауар құнына әсер ететінін де жасырмайды.

Көрмеге мектеп басшылары мен мұғалімдер, ата-аналар шақырылған. Соңғы үлгіде тігілген киім үлгілерімен танысқан көпшілік өз ойларымен бөлісті. Сән кешіне ұсынылған өнімдермен қалалық білім беру бөлімінің басшылығы да танысып шықты. Алдағы уақытта жауаптылар мектеп оқушыларының бірыңғай киім үлгілерін тігуге өзге де тігін фабрикаларды тартуды көздеп отыр.