Оңтүстікте құрылыс саласы оңтайланбақ. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Д.Сатыбалды хабарлады.
— Жаңа жылдан бастап құрылыс саласына бірқатар жаңалықтарды енгізіп отырмыз. Мысалы, «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 46-қадамы бойынша құрылыстар үш сатыға бөлініп отыр, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. — Яғни, құрылысқа рұқсат алуды оңтайландыру үшін жасалып жатқан жұмыстардың бірінші сатысы бойынша арыздар 30 күннің ішінде қаралып бітуі тиіс. Екінші саты бойынша эскиздік жобаға келісу жұмыстары 20 күнде орындалса, құрылысқа келісім беру жұмыстары 10 күннен аспай жүзеге асуы тиіс.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, «100 нақты қадамның» 47-қадамында айтылған мемлекеттік сараптамадан біртіндеп бас тарту жұмыстары аясында бұдан былай, бірінші және екінші күрделі деңгейдегі жобалар ғана мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, қалғандары жекеменшік сараптамадан өтпек.
Айта кетейік, облыста 1 мемлекеттік, 13 жекеменшік сараптама мекемесі бар. Ал 48-қадамның (құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу) шарты бойынша құрылыс заттарының бағасы бұрынғыдай ескі бағамен емес, тоқсан сайын нарықтық құнмен есептелмек. 49-қадам аясында құрылыс нормалары мен ережелері халықаралық талаптарға сәйкес, бір сатыға жоғарылайтын болады.
Сондай-ақ, брифингте жаңа жылдан бастап құрылған жергілікті полиция қызметінің облыстағы атқарылу барысы мен құрылыс саласында өткен 2015 жылы атқарылған жұмыстар мен 2016 жылғы жоспарлар баяндалды.
Мәселен, 2015 жылы облыста білім, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы, спорт, мемлекеттік органдар ғимараты, тұрғын үй және инфрақұрылым жүйелерін дамыту және тағы басқа салаларда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нысандар пайдалануға берілген. Білім беру саласында — 66, денсаулық сақтауда — 24, спортта — 8, мемлекеттік органдарда — 16, мәдениетте 5 нысан ашылып, 79 үйдің (4541 пәтер) кілті иелеріне тапсырылыпты.
Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Жыл соңына дейін 82 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде.