Шымкенттің шұлығы шетелге экспортталады

551

Шымкентте шығатын шұлықтар шетел асатын күн жақын. Жылына 15 миллионнан аса жұп шұлық тоқитын кәсіпорын қосымша цехпен толығып отыр. Мұнда бояу мен синтетикалық жіп өндіру құрылғылары сатып алынып, зауыттың тынысы кеңейді. Шикізатты да өздері дайындайтын өндіріс орнында көктемгі маусымға лайықталған шұлықтар шығарылып жатыр.

Былтыр желтоқсан айында ашылған шұлық зауытының бүгінгі жұмысы қарқынды. Алғашында 30-ға жуық азаматты жұмыспен қамтыған өндіріс орны соңғы 4 айдың ішінде мамандарының санын екі еселеген. Шұлыққа қажетті жіпті де өздері өндіре бастапты. Қосымша бояу цехын ашып, синтетикалық жіп өндіруді жолға қойды.

Виктор Хван, шұлық зауытының жетекшісі:» Біздің қауқарымыз да, мүмкіндігіміз де зор. Фабрика толықтай кәріс технологиясымен қамтылған. «Даму» қорының қолдауымен барлық қажетті құрылғыны орнатып алдық. Енді экспортты бағындыру барысында жұмыс істейтін боламыз».

Жылына 15 миллионнан аса жұпты шұлық шығаратын зауыт автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Десе де қол күші де қажет. Арнайы құрылғыдан небәрі 3-4 минутта дайындалып шығатын шұлықты мамандар сұрыптайды, түр-түрімен жинап, қораптайды. Үлгісі мен дизайны кез келген шетелдік өнімнен кем түспейтін отандық шұлықтың денсаулыққа зияны жоқ.

Ақбөпе Рысқұлбекова, шұлық зауытының жұмысшысы: «Өзіміз өндірген өнімді ойланбай тұтынам. Балаларыма да кигізем. Мақтанам, бізде шыққан шұлық өте жақсы. Жұмысымызға да шағым жоқ. Ай сайын жалақымызды уақтылы алып отырмыз, 8 сағат жұмыс істейміз. Тегін тасиды, тегін тамақтандырады. Әрқайсымыздың әлеуметтік жағдайымыз ескерілген».

Шұлыққа қажетті шикізат шетелден тасымалданбайды, жергілікті талшық өндірушілерден сатып алынады. Дайын өнімдердің 70 пайызы ішкі нарықты қамтыса, 30 пайызы Ресей, АҚШ, Оңтүстік Кореяға экспортталады.

Майя Бердалиева, «Даму» қорының өкілі: «Бағдарлама – 2,5 млрд теңгелік жоба. Оның 1 миллиард 800 миллион теңгесі аясында несие алып, осы жоба жүзеге асырылды. Яғни, қордың қолдауының нәтижесінде зауыт қарқынды өсіп жатыр».

«Даму» қорының қолдауымен кәсіптің жаңа тынысын ашқан фабрика өнімдері болашақта Африка және Европа елдеріне экспортталуы мүмкін.