Нұрсәт тұрғындары жарықсыз қалудан қауіптенеді

269
Нұрсәттің тұрғындары жарықсыз қалудан қауіптенеді

4444444444444Нұрсәт шағынауданындағы жүз шақты тұрғын жарықсыз қаламыз деп алаңдаулы. Айтуларынша, осы маңайда бой көтергелі отырған ойын-сауық кешені жергілікті халықтың жарығына ортақтаспақ. Ал мұндағы орта кернеулі қуат тарату қондырғысы тұрғылықты тұтынушылардың өзін электр жарығымен қамтуға қауқары жетпей отыр.

Онсыз да жарыққа жарымай отырған жұртшылықтың құрылыс басталғалы уайымы күшейді. Айтуларынша, осындағы төрт үйдің өзін қуатпен қамти алмай отырған қондырғы бұдан соң тіптен жиі сыр береді. Әне-міне бой көтеретін ойын-сауық кешені де осы жүйеден жарықтандырылса, сығырайған жарық мүлде сөніп қала ма деген қауіп басым тұрғындарда.

Жайсыз жағдайдың алдын алғысы келген жұртшылық алдымен жергілікті билік өкілдеріне, сосын аудандық прокуратураға да шағымданған. Алайда әзірге тұрғындардың арызы ескерусіз қалып отыр.

Бұл түйткіл жарықпен қамту мекемесінің мамандарына да жақсы таныс. Жауаптылар құрылыс қожайынына мән-жайды түсіндіріп, жоғары қуатты электр қондырғысын орнатуды талап еттік дейді.

Дегенмен, түсірілім кезінде құрылыс иесін іздестірген біздің әрекетімізден түк шықпады. Мұндағы жұмысшылар жуық арада басшының болмайтынын айтып, шығарып салды.

Дегенмен, жаңа нысанға кернеуі кернеген құрылғы қойылғанымен, мәселе онымен шешіле қоймайды дейді жұртшылық. Өйткені құрылыс қожайыны жоғары қуатты қондырғыны орнатса, оны жалғайтын желі балалар алаңшасын бойлай өтеді. Ал бұл бүлдіршіндердің өміріне аса қауіпті.