Шымкентте қауіпті аймаққа салынған үйлер көбейіп барады

567
Адам өміріне қауіпі өте жоғары баспаналар
Адам өміріне қауіпі өте жоғары баспаналар

Үлкен шеңберлі кәріз және су құбырларының үстіне 2000-нан астам нысан салынып кеткен. Айтып келмейтін апат орын ала қалса, бұл отбасы мүшелерінің өмірі қыл үстінде қалады. «Су ресурстары-Маркетинг» мамандары осылай деп дабыл қағады.

Су арнасының мамандары алғаш болып, Сәуле Езбаеваның үйіне барды. Тұрғын қаланың өте қауіпті аймағына үй соққан. Мамандардың айтуынша, баспана 2 бірдей су құбырының үстінде орналасқан.

Шымкентте санитарлық аумақта бкөптеген көшелер пайда болған
Шымкентте санитарлық аумақта көптеген көшелер пайда болған

Сәуле Езбаева, Пахтакор шағынауданының тұрғыны: «Мұндай проблеманы осы үйді салған адамға айту керек. Мен бұл үйді сатып алдым. Баспананың мұндай проблемасы барын қайдан білейін? Нотариусқа бардық, аударды.»

Санитарлық талап бойынша нысан диаметрі 800 миллиметрлік су құбырынан 20 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Алайда шаһар тұрғындары бұл нормаларды сақтап жатқан жоқ. Мамандар мұндай жағдай апат орын алғанда техникамен қатынауға қиындығын туғызады деп отыр.

Адам өміріне қауіпі өте жоғары баспаналар
Қауіпті біле тұра, тұрғындар құрылысын тоқтатпауда

Бахыт Жолдаров, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС орталықтандырылған диспетчерлік торабының басшысы: «Бұл жерде қауіп өте жоғары. Өйткені мұнда диаметрі 800, 1000 миллиметрлік су құбырлары жүргізілген. Олардың жердің астына төселгеніне 40 жылдан асқанына орай, үстінен үйдің салмағы болғандықтан, қауіп күшейіп отыр. Бір жерден тесілетін болса, қысымның күштілігінен бірнеше үйді су шайып кетеді.»

Көпшілікке Пахтакор атауымен таныс бір ғана шағынауданда аса қауіпті деп танылып отырған 200-ден аса баспана бар. Мамандар апат орын ала қалса, су құбырындағы қысымның күштілігі үйді шайып кетеді деп дабыл қағуда. Бұл үй бүкіл Шымкент қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған диаметрі 800 милиметрлік бір емес, екі су құбырының үстіне салынып кеткен. Мамандар үйдің іргетасы қаланып жатқан кезде ескерттік дейді. Алайда тұрғындар құлақ аспай, 3 қабатты үй салып алған. Құдай сақтасын, егер 40 жыл бұрын жүргізілген құбыр тесілетін болса, үй қас қағым сәтте құлауы мүмкін.

Ескертуге қарамастан соғылған үйлер көп
Ескертуге қарамастан соғылған үйлер көп

Су арнасы мекемесінің мамандары аса қауіпті деп танылған баспана иелеріне сан рет ескерту берген. Алды сотта қаралып жатыр. Бірақ, коммуналшылар сот орындаушыларының жұмысына көңілі толмай отыр. Сот шешімімімен бұзылуы тиіс деген үйлердің 1/3 бөлігі ғана бұзылыпты. Су берушілер юұл бағыттаны жұмыстың бәсең жүруіне сот орындаушыларын кінәлауда.