Шымкентте «Үлкен үй» телехикаясы түсіріліп жатыр

2962

«Үлкен үй». Қасиетті рамазан айында қазақстандық киногерлер жаңа телекияхикаяның түсірілімін бастады. Қарапайым қазақы отбасының құндылықтарын сақтап, оны бүгінгі дәуірге дәріптеуші фильмнің режиссері — Мақсат Оспанов. Сценарийінің авторы — Мұрат Есжан. Шығармашылық топтың айтуынша, 10 сериялы еңбектің ерекшелігі сол — түсірілім тек күнгейде ғана өрбиді және оған отандық актерлар ғана жұмылдырылып отыр.

«Үлкен үйдің» берекесі — отбасының ақ дастарханы. Әулеттің әзілі мен әлегі, артылған жауапкершіліктің жүгі де осында айтылады. Сериалда тәлім-тәрбиемен қатар адами парасаттың биігі де баяндалады.

Шымкентте "Үлкен үй" телехикаясы түсіріліп жатыр

Шымкентте "Үлкен үй" телехикаясы түсіріліп жатыр
Мырзахан (сол жақта)

Мырзахан — жанұяның жалғыз мұрагері. Отбасын асырап, нәпақасын табу үшін аңғал жігіт ауыл арасында жолаушы тасымалдауды жөн көреді. Осылайша темір тұлпарды тізгіндегенімен, теңге табудың еш сәті түспейді. Ауылдағы ағайынгершіліктен аттап кете алмайтын атасының баласын хикаяда 15 жылдық тәжріибесі бар әртіс сомдады.

Дәурен Заманханұлы, әртіс: «Өнер саласында жүрген соң, мұндай жағдайлар кездеседі, енді тойға тегін бармаймын деймін де, ағайынгершілік қылып барып қоямын. Сосын құнын сұрауға ұялып, қайтып кетемін. Кейіпкердің сол жері ғана ұқсайды, басқа ұқсастық жоқ».

Шымкентте "Үлкен үй" телехикаясы түсіріліп жатыр

Телехикаяның түсірілімі 1 ай бұрын басталды. «Үлкен үйдегі» тәртіп, үлкенге құрмет, кішіге деген ізет — басты орында. Ондағы көрініс қоғамдағы ата-әже тәрбиесі мен ерлі-зайыптылардың міндеттерін, жауапкершіліктерін жаңғыртады. Бірақ барлығы да әжуа араласып, жұртшылыққа жұмырлана ұсынылмақ. Түсірілім алаңы ретінде тек Оңтүстік өңірі, оның ішінде Шымкент шаһары мен Састөбе елдімекені таңдалынып алыныпты. Кинофильмнің продюсері Қанат Әлібекұлының айтуынша, еңбектің ерекшелігі бұл ғана емес.

Шымкентте "Үлкен үй" телехикаясы түсіріліп жатыр

Қанат Әлібекұлы, «Біздің үй» телехикаясының продюсері: «Оңтүстікті ғана таңдаған себебіміз, бұл өңір — қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған жер. Таңдау бірауыздан осы облысқа түсті. Және актерлардың басым бөлігі де күнгейліктер, яғни «Шаншар», «Шымкент шоу» мен әзіл-сықақ және сатира театрынан алынып отыр. Ал сериялдағы оқиғалар қайталанбайды, әр бөлімде әр қадамды айтамыз. Мысалы, ұрлық бойынша балалар көршінің тауығын ұрласа, соны жылы жаппай, толығымен ойысып, мұның үлкен қателік екенін түсіндіреді, басты ерекшелік осы дер едім!»

Телехикаясының түсірілімі әлі жалғасып жатыр. 10 сериалы хикаяның әзірге әрқайсысы 35 минуттан құралған 8 сериасы дайын. Туынды түсірілген бойда монтаждалып жатыр. Сонымен, «Үлкен үй» атты нағыз қазақтың жанұясының бейнесін жаңғыртатын жоба жуырда жұртшылық назарына жол тартады.