Шымкенттегі 112-орам кәріз қалдығының астында қалуы мүмкін. Арнамызға шағым айта келген тұрғындар осылай деп дабыл қағып отыр. Айтуларынша, ирригациялық жүйелердің жарамсыздығынан калдықтар сыртқа шығып, көше-көшені алып кетеді.
112-орамдағы ирригациялық жүйелер сонау кеңес дәуірінде салынған. Темір-бетоннан салынған арық-атыздар содан бері халық әжетіне жарап келеді. Жергілікті тұрғындар себелеп жауған жауынның өзінде су үйді-үйге кіріп кетеді дейді.
Бұл мәселеден жергілікті билік өкілдері де хабардар. Жауаптылардың сөзіне қарағанда, бұл — қаладағы жалғыз түйткілді ирригациялық жүйе емес. Сондықтан қалпына келтіру жұмыстары бүгінде басталған дейді.
Ерлан Есіркепов, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Бұл аудандағы арық-атызды жөндеуді біз былтыр бастағанбыз. Қалған арықты биыл жаңартып аяқтаймыз деп отырмыз. Бізге келіп түскен өтініштер бойынша жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз.»
Айта кетейік, ирригациялық жүйелерді орнату мен жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 180 млн теңге бөлініп отыр. Салаға жауаптылар келесі жылы арық-атыз мәселесі толықтай шешіледі деп сендіреді. Сондай-ақ тұрғындар үшін жүйелердің су өткізу қабілеттілігі де маңызды.