Түркиядағы жағдайға байланысты ОҚО-да шұғыл желі іске қосылды

Түркияда орын алған жағдайға байланысты Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы штаб құрылды. Осыған орай Түркияда жүрген туыстарыңыз немесе таныстарыңыз туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін шұғыл желінің 8-771-740-07-00 және 8-7252-400-700 нөмірлері бойынша хабарлауға болады.

Бұдан бөлек Қазақстан азаматтарынан Түркия Республикасына баруды уақытша тоқтата тұруды өтінеміз. «Оңтүстік» туризм орталығы қызметкерлерінің ақпаратына сүйенсек, дәл бүгін Түркияда Оңтүстік Қазақстан облысының 253 азаматы саяхаттап жүр. Басым бөлігі туристер. Арасында іс-сапарлап шыққандары да бар.

Бір айта кетерлігі, болған жағдайды біле-тұра ешбірі жолдамасын кері қайтарып немесе демалысын тастап елге қайтуға ниетті емес дейді орталықтағылар. Колл-орталыққа қазіргі сәтке дейін 15-тен аса азамат қоңырау шалған. Олардың бірі сыртта жүрген туысының жағдайына алаңдаса, кейбірі Турциядағы жағдайды анықтап жатқандар.

Олжас Шынтаев, «Оңтүстік туризм орталығы» КММ директорының орынбасары: «Хабарласқандардың дені Түркиядағы жағдайды сұрап жатыр. Баруға бола ма, болмай ма деген сауалдар қоюда. Мармарис қаласындағы жағдайға қатысты да сұрақтар бар».