Кентаулықтар тұтынған жылу үшін 18 миллион теңге қарыз

393
Кентаулықтар тұтынған жылу үшін 18 миллион теңге қарыз

Орталық коммуникациялар қызметінде Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев биыл атқарылған жұмыстарын баяндады. Халқының саны 95 мыңға жеткен кеншілер қаласында соңғы он жылда 9 миллиард 33 миллион теңгеге 47 нысан салынған.

Атап айтқанда — 22 коммуналды жеке үй, 60 пәтерлі көп қабаты үй, 6 типтік мектеп, 4 балабақша, 1 су тазарту стансасы. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында құбырлар жүйесі күрделі жөнделіпті. Жаңа шағынаудандарға инженерлік инфроқұрылым тарту жұмысы да кезеңімен жүргізілуде.

Кентаулықтар тұтынған жылу үшін 18 миллион теңге қарыз

Көлемі 11,7 млрд теңгеге жеткен бюджеті Кентаудағы мәселелерді шешуге жұмсалуда. 2011-2016 жыл аралығында 41 көше, яғни, жалпы ұзындығы 53,4 шақырым жол жөнделген. Тәуелсіздік жылдары Шұғыла, Болашақ, Батыс, Жұлдыз шағынаудандарында 2229 жер телімі  беріліп, 639 үй салынды.

Сонымен қатар аталған шағынаудандарында инженерлік инфроқұрылымдар жүргізілді. Ол — су, электр қуатымен қамту және жол, кәріз жүйелері.

Қаладағы басты проблемалардың бірі — тозығы жеткен көпқабатты үйлерді жөндеу. Кентауда кондоминимум нысаны ретінде 349 үй тіркелген. Жаңарту бағдарламасы аясында кеншілер қаласында 9 көпқабатты үй жөнделді. Бұл мақсатта 67 млн теңге бөлінген. Тағы 37 үй күрделі жөндеуді талап етеді. Бүгінде олардың барлығына құжаттар дайындалды. Қажетті қаржы көлемі 481 млн теңгені құрап отыр. Осы тұста әкім қаладағы басты проблеманың бірін жасырып қалмады.

Әбдібақыт Мақұлбаев, Кентау қаласының әкімі: «Көпқабатты үйлердің тұрғындары тұтынған жылу үшін 18 млн теңге қарыз. Төлемнен жалтарған 200-дей  абоненттің ісін сот органдарына жолдауға мәжбүр болдық. Берешекті төлету бағытында шаралар жалғасуда.»

Айта кететін жәйт, қалалық мәдениет сарайында қайта құру жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы толығымен жаңаланды. Ескірген кинотеатр ғимараты күрделі жөнделіп, жастар ресурстық орталығына берілді. Сондай-ақ, 3 ауылдық клубқа, 2 кітапханаға ағымдағы жөндеу жасалды. Білім жағынан кеншілер қаласы облыста көшбасында. Кентаулық оқушылар соңғы бес жылда ҰБТ-да жоғары көрсеткіш көрсетуде.