Күнгейлік киногер Серік Таластың «Жанұя» фильмі жарыққа шықты

765

«Жанұя» – жерлесіміз, режиссер Серік Таластың алғашқы толықметражды туындысы. Түсірілімі бір жарым айға ұласқан фильмнің тұсаукесер рәсіміне жас пен ересектер арнайы келген.

Киноның желісінде отағасы Асқардың инабатты әйелі және қос перзентінің бастан өткерген оқиғалары баяндалады. Шаттыққа толы үйдің бақытты сәттері де еңбекте көрініс тапқан. Алайда, араға аз-кем уақыт салып, Асқардың шаңырағы шайқалды. Кейіпкер жан жары Гауһар мен балаларына қиянат жасады. Жас қызға ессіз ғашық болып, өз отбасын ойрандады.

«Жанұя» фильмі идеясының авторы – Нұрлыбек Пірәлиев

Хикаяда 13 жасар Олжас жасыған жоқ. Анасы мен қарындасына қамқор болып, отбасын асырау үшін қара жұмысқа жегілді. Жас актер өз кейіпкерін шебер сомдаудағы құпиясын бізге айтып берді.

Олжас Омаров, жас әртіс: «Маған өте қиын болды, бірақ шын жыладым. Рөлде актерлік шеберлікті қолданбадым, себебі сол кейіпкерді шынайы жаныммен қабылдадым, сол оқиға менің басыма түскендей болды. Қарындасым мен анама қолғабыс болу үшін еңбек еттім.»

Шығармашылық топ арнайы марапатталды

Драмалық фильмге барлығы 40 актер жұмылдырылған. Негізгі рөлдерді 7 адам сомдайды. Әкенің рөлі үшін белгілі әртіс Ержан Жарылқасын Алматыдан арнайы шақырылыпты. Ал кино идеясының авторы – Нұрлыбек Пралиев, режиссері Серік Таласов. Шығармашылық топтың айтуынша, оқиға шынайы шығуы үшін тың тәсілдерді қолданған.

Серік Талас жанұясымен

Серік Талас, «Жанұя» фильмінің режиссері: «Балалар арқылы отбасындағы қиын жағдайды түсіндіруге тырыстық. Осы киноны көргендер, бәлкім, жанұясын тастап кетпейтін шығар деген ой салғымыз келді көпшілікке. Шыны керек, қазір қоғамда ауыр жағдайлар жетерлік. Көпке ой салып, келеңсіз жағдайдың орын алмауы үшін алдын алғымыз келді. Ал түсірілім алаңындағы бір ерекшелік – барлығымыз бір үйде болдық. Кәдімгі жанұя болып, түсірілім де өрбіді, соңынан монтаж да сонда жасалып жатты. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылық топтың жұмысы осылай жандана түсті, ал фильм аяқталғанда барлығымыз бір отбасыдай қимай қоштастық.»

Бір сағаттық толық метражды туындыны жастар орталығы ғимаратында, алғаш болып 700-ге тарта көрермен тамашалады.

Динара Қасымбекова, көрермен: «Көзіме жас келді, өте әсерлі фильм. Әсіресе, біз секілді жанұя құрмаған жастар үшін маңызы зор деп білемін. Кинодағы кейіпкерлердің қателігін қайталамайтындай болдық. Балалар бақыты болу үшін жаралған ғой. Сондықтан, перзентімізді жақсы көріп, мейірімге бөлеу керек екенін тағы да еске салған киногерлерге рахмет!»

«Жанұя» филмінің түсірілімі Шымкент қаласы мен Төлеби аудандарының аумағында өрбіген. Бұл үшін қазынадан 4,3 миллион теңге қаралыпты. Айта өтетін ақпар, жанұя жылулығының мәні көрініс тапқан кино енді еліміздегі республикалық телеарналар арқылы көрермен назарына ұсынылмақ.