Мәжіліс депутаттары Достықтағы мектеп құрылысымен танысты

398
Мәжіліс депутаттары Достықтағы мектеп құрылысымен танысты

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары Оңтүстік өңірін аралап жүр. Халық қалаулылары сайлаушыларымен кездесіп қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан құрылыстар барысымен де танысуда.

Мәжіліс депутаттары Достықтағы мектеп құрылысымен танысты

Соның бірі – Шымкенттегі «Достық» шағынауданындағы биыл жаңа оқу жылына пайдалануға берілетін мектеп. Білім ордасы ашылса, №69 мектептің оқушылары енді үш ауысымда оқымайтын болады деген сенім бар.

Достық шағынауданындағы 1200 балаға шақталған мектеп «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуда. Құрылысшылар білім ошағын биылғы қыркүйек айында тапсырамыз деп жоспарлап отыр. Парламент мәжілісіне Оңтүстіктен сайланған депутаттар үшін бұл – қуанышты жаңалық. Өйткені бұл мектептің құрылысын осындағы тұрғындар көптен күткен болатын.

Еске сала кетейік, Достық шағынауданындағы жалғыз мектеп осыдан он жыл бұрын салынған. Бір қабатты ғимаратта бүгінде 1 700 оқушы оқиды. Мектепте не мәжіліс, не спорт залы қарастырылмаған. Сынып бөлмелері де жетіспей, директордың кабинеті мен ұстаздар бөлмесі сабақ өтуге ыңғайластырылған. Бір жыл бұрынғы жұмыс сапарында осы мектептің жағдайымен танысқан білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәселені шешемін деп уәде берген. Сол сөзінде тұрғандай.

№69 мектептің оқушылары жаңа оқу жылынан бастап екі ауысымда оқиды. Ал әзірге күте тұруға тура келеді. Ал оқушылары үш ауысымда оқитын қалған 10 мектептің мәселесі алдағы уақытта шешілуі мүмкін.

Мәжілісменнің сөзіне сенсек, Оңтүстік Қазақстан облысындағы апатты және үш ауысымда оқытатын мектептедің проблемасы үш жылда толық шешілмек.