Түркістан Түркі әлемінің тұтастығын тереңдетеді

710
Түркістан Түркі әлемінің тұтастығын тереңдетеді

Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында өткізілетін іс-шаралар жоспарына үш жақты қол қою рәсімі өтті. Шараға өңір басшысы Жансейіт Түймебаев пен ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мәдениет және өнер істері департаменті директорының міндетін атқарушы Алмаз Нұразхан қатысты.

Түркістан Түркі әлемінің тұтастығын тереңдетеді

Өткен жылдың 1 желтоқсанында Әзірбайжанның Шеки қаласында ТҮРКСОЙ тұрақты кеңесінің 34-отырысы өткен болатын. Аталған жиынға ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет министрліктері, мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Түркі кеңесі, Түркітілдес мемлекеттер парламенттік ассамблеясы, халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдени мирас қоры секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Халықаралық кеңесте Қазақстан Республикасының Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданған-ды.

Түркістан Түркі әлемінің тұтастығын тереңдетеді

«Елімізде алдымен Астана қаласының, енді ер түріктің бесігі болған Түркістан шаһарының осындай марапатқа ие болуы еліміз үшін үлкен мәртебе, үлкен құрмет. Бұл – бізге мәдениетімізді, әдебетімізді, ұлттық өнерімізді әлемге танытуға берілген үлкен мүмкіндік» деген Жансейіт Қансейітұлы ТҮРКСОЙ ұйымына алғысын білдірді. Оңтүстікқазақстандықтарды ауқымды іс-шараға атсалысуға шақырып, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында ұйымдастырылатын халықаралық іс-шаралар барысын баяндады.

Наурыз айынан бастап Түркістан қаласында аталған шараның салтанатты ашылуы мен ТҮРКСОЙ баспасөз сыйлығын тапсыру рәсімі, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойы мерекеленіп, түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту мақсатында  түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Атап айтқанда, түбі түркі тілдес халықтар театр, опера, цирк, би, сатира, дәстүрлі өнер және анимациялық фильмдер фестивалі өткізіледі.  Сонымен қатар, ақындар айтысы, «Ұлы дала сазы» атты дәстүрлі музыка фестивалі, түркі мемлекеттері әйелдерінің форумы, суретшілердің кездесуі, қолөнер шеберлерінің фестивалі, әдеби журналдары редакторларының конгресі, ақын-жазушылармен кездесулер өткізіліп, кітап көрмелері сынды көптеген игі іс-шаралар өткізіледі.

Мәңгілік Ел идеясын ұстанған Ұлы дала елінің шаһары, Түркі елдерінің мәдени астанасы атанған Түркістан осы серпінді жоба аясында төрткүл дүниеге танылып, туристердің көп шоғырланатын аймағына айналады. Үш жақты меморандумға қол қойылғаннан кейін басшылар брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.