Күнгейде 20 наурызға дейін қарлы күндер күтілуде

417

Күнгейліктер көктемді асыға күтіп жүр. Бір жетіден бері өңірге қалың қар түсіп, тұрғындарды әбігерге салды. Қазір Тараз тасжолы мен Шаян мен Созаққа барар жолдар қатерлі деп табылып, уақытша жабылған. Ал өңірімізде қазан айынан күшіне мінген қыс қашанға дейін жалғаспақ? «Қазгидрометтің» мамандары мен ауа райын болжаушылардың айтары не? Сауалдардың жауабын біз де іздеп көрдік.

Үрәйым Хайдарованың жұмысы бір жетіден бері қиындап кетті. Әдеттегідей қар емес, көшедегі көк мұзды тазалауға көшкен. «ЛТД Тұрмыс» мекемесі қызметкерінің айтуынша, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардағы мұздақтарды күреуді таң сәріден бастайды. Бірақ, қалың түскен қардың салдарынан, қара кешке дейін еткен еңбегі еш кетіп жатыр. Қар мен жаңбыр үсті-үстіне жауды.

Күнгейде 20 наурызға дейін қарлы күндер күтілуде
Үрайым Хайдарова.

Үрайым Хайдарова, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС қызметкері: «Қиын ғой енді, тұрғындар да біздің жұмысымызды көріп жүр. Таңғы 6-дан кірісеміз, қараңғыға дейін істеп жатырмыз, жұмысымыз ауырлап кетті. 1 сағаттан асты, 10 метр жерді тазалап жатқаныма.»

Қалың қар, көшедегі көктайғақ жерлестерімізді де жауыр ете бастағанын байқадық. Жылылыққа үйренген жас та, жасамыс та күнгейге қыстың келгеніне 5 айдан асты деп қынжылады.

– Жолдардың көбі тазаланбаған, жолдың барлық жер қар, адам жүре алмайды, – дейді Әбілда қария.

Маржан Бақытбек, қала тұрғыны: «Биыл қыс ұзақ болды, қазаннан басталып еді, ақпанның соңғы күндеріне дейін әлі қар. Көктемді асыға күтіп жүрміз. Көктем келсе, адамдардың көңіл күйі көтеріліп, жұмыстары да жүре бастайды. Ал қыс деген сөздің мағынасының өзі қысылу дегенді білдіреді ғой.»

Бұл ретте «Қазгидромет » мамандарының мәліметі қуантады. Осы аптада шалғай таулы аудан-ауылдарда желдің күші бәсеңдеп, ауа райының температурасы анағұрлым жоғарылайды. Облыс орталығында да күн жылып, қардың жаууы толастамақ.

Динара Айтмырзаева, синоптик инженер: «Апта жауын-шашынсыз өтеді, ауа температурасы шамамен түнде 3-8, кей жерлерде 13-18 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз 2-7 градус жылылықты көрсетіп, 10-15 градусқа дейін жоғарылайды. Ал 25 ақпанда жауған күндеде де жаңбырмен басталады, тек жауын-шашын күтеміз.»

Ал есімі елге таныс ауа райын болжаушы, жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбайдың айтуынша, өңірімізде жауынды күндер әлі жалғасады. Тіпті, қыс 6-айға да ұласуы мүмкін екен.

Нұрғабыл Қозыбай, ауа райын болжаушы: «Осы айдың соңы өліара келе жатыр, 28-29-на таулы аудандарда жауын-шашынды өтеді және наурыз айының 3-4 күндері жауын шашын болады. Ары қарай наурыздың 6-7, жалпы алғанда наурыздың 20-на дейін жауын-шашынды күндер күтілуде. Сол жауын-шашынды болған күндері таулы аудандарда соңы қарға айналып отырады. Демек, наурыз айының 20-на дейін суық, қауіпті үскірік болатын күндер бар.»

Мамандардың мәліметінше, күнгейде қыс мезгілінің 5-6 айға ұласуы соңғы 10 жылда болмаған екен. Бұл жағдайға желтоқсан мен қаңтар айларында қыстың қатты болмағаны себеп дейді жұлдызшы.