Шымкент қалалық туберкулезге қарсы диспансер қайта құрылады

1152
Шымкент қалалық туберкулезге қарсы диспансер қайта құрылады

Шымкент қалалық туберкулезге қарсы диспансер жабылды. Бірақ, осыған қарамастан медициналық мекеме емдеу жұмыстарын тоқтатпайды. Өйткені бұл мекеме облыстық туберкулезге қарсы диспансердің филиалы болып өзгертілді. Интеграциялау жүйесіне байланысты 40 маман жұмысынан босатылған және 100 төсек қысқартылыпты.

Шымкент қалалық туберкулезге қарсы диспансер қайта құрылады

Болатбек Сағымбеков, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері: «Бұрын Шымкент қалалық туберкулезге қарсы диспансерде емдеу тәсілі екі саладан тұратын. Бірі – амбулаториялық, екіншісі – емхана. Сол станционардағы 120 төсек біздің қарамағымызға біріктірілді. Ал қалалық диспансерде көрсетілетін емханадағы қызметтерді науқастар өзінің мекенжайындағы емханадан алады. Қазір қалада 19 емхана болса, соның барлығында фтизиатор және балалар фтизиаторы жұмыс істейді. Осы мамандар бұрынғы қалалық туберкулезге қарсы диспансердегі емханадағы қызметтерді көрсетеді. Жалпы алғанда екі мыңнан адамнан қырық адамды қысқарттық. Олар бас дәрігерлер, есепшілер, шааруашылық қызметкерлер. Ал дәрігерлер өз орнында қалды.»

Мамандардың айтуынша, орталықтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласы үшін тиімді. Өйткені енді әр емханада фтизиатр дәрігерлері жұмыс істеп, құрт ауруына қарсы қосымша тексерулер жасайды. Ал туберкулезге қарсы диспансер науқастарды тек анықталған диагноз бойынша емдейді.

Шымкент қалалық туберкулезге қарсы диспансер қайта құрылады
Шырын Жабыққызы

Шырын Жабыққызы, облыстың бас фтизиатры: «Науқасқа тиімді бағдарлама. Себебі, туберкулезге күдікті науқас емханада тексеру жұмыстарынан өтеді. Бұрынғыдай облыстық туберкулезге қарсы диспансерге барып жүрмейді. Емханадағы мамандар күдікті науқастағы диагнозды толық анықтаған жағдайда емдеуге облыстық туберкулезге қарсы диспансерге жібереді.»

Қазір жаңа өзгеріске сай аудан орталығындағы құрт ауруына қарсы диспансерлер қайта құрылымнан өтіп жатыр. Осыған байланысты аталған емдеу мекемелері облыстық туберкулезге қарсы диспансерге біріктірілмек. Айта кетейік, интеграциялау жүйесі бойынша өзгерістер басқа да облыстарда былтыр басталып кеткен. Ал біздің өңір жаңа жүйеге бойынша жұмысты кешірек бастапты. Қазір осыған байланысты барлық аудандарда түсіндіру жұмыстары қолға алынған.