14 жасар жеткіншектің өліміне қатысты күдікті ұсталды

482
14 жасар жеткіншектің өліміне қатысты күдікті ұсталды

Шымкентте 14 жасар жеткіншектің өліміне қатысты күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері хабарлады. Ворошиловка елдімекенде болған атысқа қатысты күдіктінің бірін Еңбекші полиция бөлімінің қызметкерлері ұстаған. Ол Жамбыл облысында ұсталып отыр.

Жаға ұстатарлық бұл оқиға 9 наурыз күні Ворошиловкада болған. Мұнда бір топ жасөспірім бір-бірімен атысып, соның салдарынан 14 жасар жеткіншек мерт болды. 22 және 18 жасар екі бозбала жарақат алып, ауруханаға түскен болатын. Бүгінгі таңда қылмысқа қатысты 4 күдікті анықталды. Олардың бірі – бұрын сотталған 26 жастағы Шымкент тұрғыны Жамбыл облысы Қордай ауданы аумағынан ұсталған.

Ал дәрігерлер жарақат алған екі жас жігітті алғаш қабылдағанда тіксінгенімен, қазір жағдайлары қанағаттанарлық деп отыр. Сөздеріне сенсек, 18 және 19 жастағы қос жігітке алғашқы медициналық жәрдем көрсетілісімен, үйлеріне кері қайтарылған.

Қазір осы факті бойынша қылмысты іс қозғалған. Қалған күдіктілер, яғни, үш жігітке іздеу жарияланып, қолға түсіру операциясы жүріп жатыр.

Мөлдір Бекеева