84 жастағы зейнеткерді алаяқтар тонап кеткен

242
Афган Ялалатдинов

Күнгейде алаяқтық өршіп тұр. Таяуда жалғызбасты зейнеткер барынан айырылды. 84 жастағы қартты өзі туғанындай көріп жүрген жандар тонап кеткен. Тіпті басындағы баспанасына ауыз салғандар жәбірленушінің банктегі есеп-шотындағы теңгенің тиынына дейін сыпырып кетіпті. Айдың-күннің аманында жиған-тергенінен айырылған Афган Ялалатдинов соттың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.

Афган Ялалатдинов, зейнеткер: «Мен бұл балаларды туғанымдай көрдім. Себебі туыстарын жерлегенде өзім денені жуындырып, қолғабыс көрсеткенмін. Бірақ, мені алдап соғып, дүниемді қолды етті. Жарты миллион теңгедей ақшаны өзім өлгенде жерлеуге жұмсар деген оймен жинап жүргенмін. Ал қазір тек баспанамды ғана қайтара алдым.»

Қылмыскерлердің кінәсін мойындатып, жазасын беру керек деген зейнеткердің көршілері де белсенділік танытып отыр. Енді мәселені аудандық сотқа жолдаймыз дейді. Ал жәбірленушінің адвокаты мәселенің мән-жайын анықтау шарасын жүргізіп жатқанын алға тартты. Алаяқтардың арбауына түсіп, қалтасы қағылған қарттың жағдайы енді біздің арнамыздың да жіті бақылауында болатынын хабарлаймыз.