Биыл қыс созыла ма…

394

Күнгейліктер көктем келді деп қуанғаны сол өңірімізде қазан айынан басталған қыс қаһарына қайта мінді. Түнде түскен қар таңға таяу тағы да толастаған жоқ. Наурыз айындағы қалың қарды жатсынған жерлестеріміз әбігерге түскенін айтып, жабырқады.

Тіпті арнамызға алдағы ауа райы жөнінде ақпар беруімізді сұрап, хабарласқан тұрғындар да көп. Ал «Қазгидромед» мамандарының мәліметінше, апта бойы ел аумағында жауын-шашынды, құбылмалы ауа райы сақталады, жекелеген аудандарда қатты жауын-шашын күтіледі, тек республиканың батыс бөлігінде ғана қар мен жаңбыр тоқтайды.

Шалғай аудандарда тұман түсіп, көктайғақ орнауы әбден мүмкін. Жел де күшейеді. Сондай-ақ, синоптиктер бір жеті бойы Жамбыл, Оңтүстік өңірінің бірқатар аудандарында желдің екпіні анағұрлым жоғарылайтынын да болжап, тұрғындарды сақтыққа шақырады. Ал есімі елге белгілі ауа райын болжаушы, жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбайдың айтуынша, өңірімізде жауынды күндер әлі жалғасады. Тіпті, қыс 6 айға ұласуы әбден мүмкін.

Нұрғабыл Қозыбай, ауа райын болжаушы: “Наурыздың 3-4-і жауын-шашынды болады.  Ал 6-7-сі, жалпы алғанда наурыздың 20-на дейін жауын-шашынды күндер күтілуде. Сол жауын-шашынды болған күндері таулы аудандарда соңы қарға айналып отырады. Демек, наурыз айының 20-на дейін суық, қауіпті үскірік болатын күндер бар.”