Шымкентте жолдарды жөндеу басталды

612
Шымкентте жолдарды жөндеу басталды

Қала жолдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Енді жөнделген жолдардың сапасын Шымкент қаласының әкімі өзінің жеке қадағалауына алмақ. Себебі, бұған дейінгі ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесіне көңілі толмайтынын білдіріп, шағымданған тұрғындардың қатары арта түскен.

– Қаланың қай көшесіне бағыт алсаңыз да, ойылып кеткен шұңқырлар мен сызаттарға кез боласыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Мұндай салғырттыққа көбіне-көп жол беріп отырған коммуналды шаруашылық саласының мамандары да тікелей жауапкершілікті сезінуі тиіс. Жұмыстар жүргізілді ме, орнында қалған шұңқырлар мен сызаттар талапқа сай қайта тегістелсін. Мысалы, мына Түлкібас ауданына апаратын А-2 тасжолымен жүріп өту тіпті мүмкін емес. Жөнделген жол бір жылға да шыдамайды. Сол себептен де жөндеу жұмыстарының сапасына тікелей өзім бақылау жасаймын. Салғырттығы байқалды ма, жауапты мердігер мекеменің жұмысы қабылданбайды. Тиісті қаражат берілмейді. Бұл ретте қызметін тиянақты әрі жылдам атқара білетін шетелдік мамандардан лайықты үлгі алған жөн.

Қала әкімі сондай-ақ, сала мамандарына Тәуке хан даңғылының бойында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарын жылдам аяқтауды тапсырды. Еске сала кетсек, ауа райының қолайсыздығына байланысты тоқтап қалған жөндеу жұмыстары осы аптадан бастап қайта жүргізілуде.

– Қаланың бет-бейнесі болып табылатын Тәуке хан даңғылындағы жөндеу жұмыстары аса мұқият болуды талап етеді, – деді Ғабидолла Әбдірахымов. – Осыған орай, жол бойына жасыл белдеуді қалыптастыру, ағаш көшеттерінің айналасын торлап, суағарлар қызметін ұйымдастыру мәселелері ескерілуі тиіс. Қала әкімі сала мамандарына облыс орталығының осы басты көшесін безендіру мүмкіндіктерін қарастыруды да тапсырды.

Айта кету керек, биыл Шымкентте 225 көше жөнделеді. Бұл туралы Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.

– Егер 2016 жылы жол құрылысы және техникалық қызмет көрсету жұмыстарына 12,2 млрд теңге қаралған болса, биыл 13,7 млрд теңге бөлінді, – деп баяндады Қ. Жұматаев. – Өткен жылы 132 көшеде қайта құру жұмыстары атқарылған, ал 2017 жылы 225 көше жөнделеді және бұл жұмыстарға 5,4 млрд теңге қаралған.
Абай ауданының 105 көшесін орташа және күрделі жөнделіп, 4 көшесіне аяқжол салынады. Ал Еңбекші, Қаратау, Әл Фараби аудандарында тиісінше 46, 58 және 16 көше жөнделеді.

Айта кету керек, қала жолдарының жалпы ұзындығы 2882 шақырымға жетеді. Соның 1484 шақырымына (50,2%) асфальт төселген. Қаланы одан әрі жетілдіру үшін сарапшылар басқа да жобаларды әзірледі, оның құны бес миллиард теңгені құрайды. Олар – жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, Астана және Республика даңғылдарының қайта құру жұмыстары.

– Биыл жеті магистралды көшенің қайта құру жұмыстары басталады, – деп мәлімдеді Қ. Жұматаев. – Бұл жұмыстарға 8,7 млрд теңге қаралған. Атап айтқанда, олар: Төреқұлов, Жібек Жолы, Байтұрсынов, Тассай шағынауданындағы Тәуке хан көшелері және А-2 тасжолы. Сонымен қатар, Самал базарының жанында және Республика даңғылындағы халыққа қызмет көрсету орталығының алдында жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері салынады. Осыған қоса Темірлан тасжолы бойында жол айрығын салу жұмыстары басталады.

Қуатжан Жұматаевтің баяндамасына сәйкес, 2017 жылы бірнеше нысан пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Момышұлы көшесі (Сүлейменов көшесінен Қожанов көшесіне дейін), Әл Фараби, Қожанов, Арғынбеков көшелеріндегі қайта құру жұмыстары және Темірлан тасжолы мен Мангельдин көшесінің қиылысындағы жер асты жаяу жүргіншілер өткелі. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымының дамуына бағытталған бірқатар жобалардың сметалық құжаттары дайындалуда. Оның ішінде Бадам өзеніндегі көлік көпірін қайта жөндеу, Ақжайық, Қайтпас-1, Нұртас, Тассай, Азат, Достық, Қазығұрт, Сәуле, Жайлау, Ынтымақ, Бадам шағынаудандарындағы көшелерді күрделі жөндеу жұмыстары, Қонаев даңғылының жалғасының құру жұмысы және т.б.

Шымкент әкімінің баспасөз қызметі