Шымкенттегі дендросаябаққа қырым қарағайлары егілді

507
Шымкенттегі дендросаябаққа қырым қарағайлары егілді

Дендрарий саябағында кесілген жабайы жыңғылдардың орнына Шығыс Қазақстаннан арнайы әкелінген әсем қырым қарағайы отырғызылып жатыр. Еске салар болсақ, «Саябақтағы көл маңында ағаштар кесіліп жатыр» деген жерлестеріміз әлеуметтік желілерде бұл тақырыпты біраз талқыға салған. Ал мамандар ол ағаштардың қурап, жарамсыз болғандары ғана алмастырылатынын айтқан еді.

Сала мамандарының алғашқы жоспары – 450 дана қырым қарағайын егу. Айтуларынша, көл жағалауы жабайы жыңғылдардан тазартылады. Десе де мұндағы жабайы талдардан бөлек сирек кездесетін ағаштың түрлері сақталады.

40 жылға жауық тарихы бар дендрарий саябағы қазір жаңа тал-дарақпен толықтырылып жатыр. Бұған дейін егілген жас көшеттерді де сақтап қалу үшін барлық жағдай жасалған, тіпті, көп жылдық талдарды бір жерден екінші жерге ауыстырып, жерсіндіруге мүмкіндігі бар әмбебап техника алыныпты.

Осылайша дендрарий саябағындағы көл маңында ағаш көшеттері жаппай кесіліп, орнына сауда-саттық үшін дүңгіршектер салынады екен деген қауесет жоққа шықты. Жергілікті биліктің басты мақсаты – саябаққа келіп демалушылар үшін барлық жағдайды жасау. Әзірге бастама жаман емес.

Нұрлан Жаңабай