Қызғалдақ-қала

849

Қызғалдақ – қаламыздың символы. Бірегей келбеті. Алыстан танылатын белгісі. Міне осы Шымқаланың шуақты күндеріне шомылған әсем қызғалдақтар сәуір айында шаһар шырайын кіргізіп, әрлендіріп жіберді. Көшелер мен аллеяларды көмкерген алуан түсті қызғалдақтар талайды сүйсінтіп, қуанышқа бөледі. Барлығы 528 мың қызғалдақ гүл ашқан сәтте қала іші құлпырып сала берді. Шымкенттің кескін-келбеті де осы әсем қызғалдақтармен ұштасып, үйлесетіні, көңілдерді қуантатыны әп сәтте байқалды. Шымкенттің жаңа логотипі ретінде қызғалдақтың бекер таңдалмағаны, мұның сәтті шешім болғаны білінді.

Өткен жылдың қараша-желтоқсанында қаланың түрлі орындарына 320 мың голланд қызғалдағының баданасы егілді. Тағы екі жүз мыңдайы осы жылдың қаңтарында Шымкент топырағына түсті. Барлық қызғалдақ баданалары сонау Польшадан жеткізілген. Ал оларды күз-қыс ауасында топырақ астына тастап, күтіп-баптау ісімен «ЛТД Тұрмыс» және «Бәйтерек ЛБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің жұмысшылары айналысты.

Жер бетіне өніп шыққанынан бүгінге дейін мәпелеп, жас баладай қамқор болып, өсірді. Агрономдардың айтуынша, голланд қызғалдағы 80-120 күн ішінде өсіп-өнеді. Вегетация кезеңі басталғанынан кейін 20-30 күн шамасында гүлдейді.

Сіз бен біз әр күні қаламыздың орталық көшелерінің бойынан, көше қиылыстарынан, шеңберлерден, әкімшілік-іскерлік ғимарат алдынан, мәдени нысан аулаларынан, атақты Қызғалдақ фонтанының айналасынан голланд қызғалақтарының жеті сұрпын көріп жүрміз.
Күлтелеренің түсіне қарай сұрыпталатын бұл қызғалдақтардың атаулары да қызық болып шықты.

Мәселен, сап-сары күлтелі голланд қызғалдақтарын Голден Апельдорн деп атайды екен. Жайқала өскен Голден Апельдорн қызғалдақтары мен-мұндалап, ерекше көзге түседі. Көп егілетін сұрыпқа жатады.

Бұдан бөлек алқызыл түсімен бірден көз тартып, баурайтын Ван Эйк қызғалдағы бар.

Ал егер қоңыры басым қызыл түсті күлтелерге сары түс жолақтары тарағанын көрсеңіз, мұны Банья Лука қызғалдағы деп атайтынын біле жүріңіз. Бұл сорт ауа температурасының өзгерістеріне шыдамды болып келеді.

Алқызыл сары күлтелері күн сәулесіне шағылысып, жанынан қарағанда гүл тостағаншаларының табаны сары түстен басталып ұшына жақындаған сайын қызғылт сарыға айналатын қызғалдақтарды кездестірсеңіз, мұны Оранж Куин қызғалдағы деңіз.

Күлгін түсті күлтелерімен сонау алыстан көзге шалынавтын ұшы ақшыл қызғалдақтарды көре қалсаңыз, онда бұл – Пурпл Флаг қызғалдағы.

Көбінесе дәл осы Пурпл Флаг қызғалдақтарымен қатар егіліп, екеуі бір үйлесім түзетін аппақ түсті күлтелері бар қызғалдақты Антарктика деп атайды. Атауы айтып тұрғанындай-ақ, бұл сорт Оңтүстік полюстің мәңгілік қар жамылған келбетін көз алдыңызға әкеледі.

Шымкент топырағынан нәр алып, маңғаз қалпымен ақ араласқан жалынды күлгін күлтелі қызғалдақ ұшырасса, онда бұл Фламинг Флаг деп аталады.

Міне, Шымкентті алуан түске бояған голланд қызғалдақтарын сұрып-сұрыпқа бөліп, түсіне қарай талдағанда шығар атаулары осы.

Голланд қызғалдақтарының гүлдеу кезеңі де аяқталуға жақын. Енді бәрінің баданаларын жинайды. Топырақтан қазып алып, келер маусымға сақтайды. Орнына жаздық гүлдер егеді.
Атап айтқанда, 500 мың дана петуния, тагетис, шафран, катарантус, сальвия гүлдерін отырғызады. Шымқаланың аптап ыстығына шыдас беретін бұл гүлдерді отырғызу басталып та кетті. Дәлірегі, Қ. Төлеметов, Желтоқсан көшелеріне, Тәуке хан даңғылы мен Темірлан тас жолына петуния, таргетис гүлдері отырғызылып жатыр.

Жәнібек Нұрыш

Суретті түсірген: М.ШАҒЫРБАЕВ