«Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ басшылары: «300 млрд теңге үнемдедік»

488
ЭКСПО

Астанада әне-міне басталғалы отырған халықаралық көрмеге дайындық күткендегіден әлдеқайда тез жүзеге асты. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов осылай дейді. Ұйымдастырушылар 6 жылға жасалған жоспар аясындағы қым-қуат шаруаларды небәрі 2 жыл ішінде тас-түйін тындырып тастағандарын айтады.

Бүкіл әлем көз тігіп отырған іс-шара бірер күнде бастау алады. «Болашақтың энергиясы» ұранымен өткізілетін халықаралық көрме 10 маусымда ашылады. Бұл күні көрме кешендері есігін айқара ашып, келушілерді қабылдайды. Оған әлемнің 100-ден аса елі мен оншақты халықаралық ұйым қатысады. «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық көрмеге дайындықтың жоспардағыдан жылдам жүргізілгенін айтады.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы: «Былайша айтқанда, Президенттің жан-жақты қолдауымен біз 6 жылда істелетін жұмысты 21 айда аяқтап тастадық.»

Әлемдік көрме – техникалық және технологиялық жетістіктерді сарапқа салатын алаң. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл шараны өз деңгейінде өткізу үшін барын салғандарын айтады.

Әрине, жобалардың сәтті іске асқанына көпшіліктің күманмен қарайтыны жасырын емес. Сондықтан сапа үшін күресуге тура келді дейді ұйымдастырушылар. Бұл ретте жоба арқылы оңай олжаға кенелгісі келетін мердігерлермен күресуді де мықтап қолға алдық дейді олар. Барлығы да оң шешілді. Нәтижесінде ұйымдастырушылар 300 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдедік дейді. Ал көрме кешені қонақтарды үш ай бойы, яғни, 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін қабылдайтын болады.

Мақпал Рысбаева