Шымкенттік қаламгерлердің кітаптары Беларусьтегі халықаралық көрмеге қойылды

217

Бүгін Беларусь астанасы Минск қаласында «Кітап адамдар мен елдерді біріктіреді» («Книга объединяет людей и страны») атты XXVIII Минск халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды. Көрме 18-21 ақпан аралығында өтеді.

Аталған іс-шараға қатысатын қазақстандық делегация құрамына Шымкент қаласының кітапхана өкілдері де кірген болатын. Атап айтсақ, «Абай атындағы Шымкент қаласының көпшілік кітапханалар жүйесі» директоры Гүлсім Шатырбаева және «Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі» директоры Жанар Ауғамбаева көрмеге ат басын бұрып, рухани құндылықтарымызды дәріптейтін біршама кітаптарды ел назарына ұсынуда. Халықаралық көрмеде Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, Момбек Әбдәкімұлы т.б. шымкенттік қаламгерлердің туындылары қойылған.

Айта кету керек, іс-шараға Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысады деп жоспарлануда. Көрмедегі қазақстандық павильонның ашылуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Көрме барысында Шымкент қаласының күні өткізілімек. Онда жерлестеріміздің кітаптарына шолу жүргізіледі.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Беларусь Республикасының Ұлттық кітапханасында «Қазақстандық әдебиет пен мәдениет» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Шымкенттік авторлардың кітаптары орталыққа сыйға беріледі.

QAINAR KÓZШымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы