Күнгейде Ұлы Жеңістің 72 жылдығы тойланды

665

Биыл Ұлы Жеңіске — 72 жыл. Тарихи датаны тойлауды жерлестеріміз «Даңқ» мемориалынан бастады. Алдымен көптің алдында өңір басшысы Ж.Түймебаев сөз алып, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және барша оңтүстікқазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтады.

Қасиеттті де қастерлі Жеңіс күніне деген риясыз құрметті жерлестеріміздің көз-жанары мен басқан нық қадамынан-ақ байқауға болады. Бұл — Ерлікке тағзым! Ал қан майданда қасық қаны қалғанша жауға қарсы беттеген жауынгерлердің рухы «Даңқ» мемориалын айналып өтпесе керек-ті. Жиналған жұртшылық от пен оқтың арасында Отан үшін от кешкен  майдангерлердің ерлігі мен есімін бірауық үнсіздікпен еске алды. Ескерткіш тақташаға гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ, соғыс алаңын еске еріксіз салар майдан даласының дәмі — қарақұмық ботқасы да әзірленді. Арнайы пісірілген тағам ардагерлермен қатар, тұрғындарға да үлестірілді.

Елге қайтқан және қан майданнан оралмаған жауынгерлердің есімін жаңғырту үшін ұйымдастырылған игі шара арнайы театрландырылған көрініске ұласты. Мәдени бағдарламаға өңіріміздегі өнер ошақтарының әртістері жұмылдырылған.

Ардагерлер концерттік шараны тамашалаушылар  ғана емес, қатысушылардың да қатарынан көрінді. «Катюша», «Смуглянка» секілді сол бір естелік әндерді қосыла шырқап, би биледі.

«Әкімдік тарапы мерекелік іс-шараны 250 адамға — ҰОС ардагеріне және тыл еңбеккерлері мен теңестірілген тұлғаларға шақтап ұйымдастырған. Бірақ келушілер саны 300-ге жетті. Ең бастысы, ардагерлерге мерекелік бағдарлама ұнаған сияқты», — дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Қуанышбеков.

Айта өтейік, бұл күні мерекелік шара шаһарамыздағы барлық саябақтарда өтіп жатыр. Концерттік бағдарлама сағат 19-00 мен 21-30 аралығында «Тәуелсіздік» саябағында қорытындыланады.