Шымкенттің полицейлері әлеуметтік желінің тұзағына түскен 15 жасар қызды құтқарды

349
Шымкенттің полицейлері әлеуметтік желінің тұзағына түскен 15 жасар қызды құтқарды

Шымкенттің полицейлері 15 жасар қызды қаскөйлердің қолынан аман алып шықты. Әлеуметтік желі арқылы бір жігітпен араласып жүрген жасөспірім ойланбастан кездесуге барған. Ал жұмыс беремін кездесуге алдап шақырған азамат кәмелет жасына толмаған бойжеткенді өз пәтерінде он күндей қамап ұстап отырыпты. Қазіргі таңда полицейлер күдікті ретінде екі адамды ұстады.

Айдың күннің аманында қызын жоғалтып алған ата-ана бұл кездесуді асыға күтті. Он күн бұрын үйінен шығып кеткен бойжеткенді әлеуметтік желі арқылы танысқан адамы жұмыс беремін деп, кездесуге алдап шақырған екен. Сөйтіп өз пәтерінде он күндей күштеп ұстап отырған. Полицейлер осы іске қатысы бар деген екі күдікті азаматты ұстады. Қазір олар тергеу абақтысына қамалған. Қызды күштеп ұстап отырғандар жасөспірімге қорлық көрсетуі мүмкін. Бірақ, бұл ақпарат әлі расталмады.

Сейітжомарт Сейітханов, Әл Фараби полиция бөлімінің бастығы: «102 нөміріне кәмелет жасына толмаған қыздың жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Қоңырау шалған азамат қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде белгісіз біреулер қызын күштеп ұстап отырғанын айтқан. Тексеру жұмыстары кезінде полиция бөлімшесіне қыздың өзі мен екі күдікті азамат жеткізілді. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.»

Қыздың ата-анасы күдіктілердің үстінен арыз жазды. Қазір сотқа дейін тергеу амалдары жүргізілуде. Егер күдікті ретінде ұсталған азаматтардың кінәсі дәлелденсе, олар жылдап темір тордың ар жағында жазасын өтеуі мүмкін.